Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 13 Қазан, 2016

Жауһар жырдың жалғасы

Ақындар туралы сөйлеу – замана туралы толғаныс, сол дәуір туралы ой бөлісу, ондағы өлең-жырының салмағы, рухы қандай болғаны жайлы таразылау. Ақындық туа біткен асыл қасиет, ол іңкәрліктен, сағыныштан, шалқар тебіреністен туады. Титтейінен өлең-жырға бөленіп өскен Әлімқұл Жамбылов бүгіндері Жетісу ақындарының ақсақалы. Он жасында әу деп өлеңдеткен ол міне сексеннің сеңгіріне шықса да жүрек қалауымен әлі өлең-жырды ағытып келеді. Тәңірдің берген нәсібі - таңдайына өлең-жыр ұя салған қасиетті жердің қара шалы ақ сақалы желбіреп, сал-серілер, абыз ақсақалдар, ұлы жыраулардың соңғы сарқытындай бізбен замандас болып, төрімізде отырады. Жай ғана отырмайды өткен мен бүгінгіні саралай, сабақтай, таразылай ғибратты әңгіме, өнегелі өлең айтады. Әлекең дегенде – есімізге ұлы Даланың қайталанбас ұлы тұлғасы - Жамбыл ата есімізге түседі. Жамбылдың жанындай жақсы көретін немересі – Әлімқұл атасының өлең-жыр толған кеудесіне басын төсеп, кең сеңсең тонының ішінде жылынып, жыр шуағына шомылып өскен бұла ақын. Қара жер күннен шуақ алады, қазақ жырдан қуат алады, жырсыз той да, сән де болмайды. Атасын жетектеп бала Әлім­құл талай-талай ұлы дүрмек-өнерлілер тобында, аңыз тұлғалар арасында жүрді.

Қалыптасу, толысу кезеңі – Жамбыл ата төңірегінде болды, жырын жаттады, айтыстарын айтты. Сүйінбай, Жамбыл жырларын, дастандарын көкірегіне құйып, шаршы топта айтып жүрді. Әлекең кез келген ортада өлең­­де­рін ауызекі айтып жүре беретін ақын, оны жинап, құнт­тау­ды білмеді. Сонау бір жылдары Үмбетәлі Кәрібаев музейінің директоры Надежда Лушникова жеңгеміз: – Арамызда жүрген халық ақын­дары, суырыпсалма жез таңдай Әсімхан Қосбасаров пен Әлекеңнің жиған-тергенін жаздырып алып қалайық, кітап етіп шығарайық, – деп ұсыныс айтты. Талантты ақын қаламгер інілеріміз Есенқұл Жақыпбеков пен Рәтбек Сәдуа­қасовты екі ақын жанына үш ай отырғызып, бар жиған-тергенін жаздыртып алған едік. Әлекеңнің сол тұңғыш жыр жинағы «Қызыл сырлы домбыра» атты кітабын 1993 жылы өзім шығарып бердім. Бұл іске сол кездегі аудан әкімі Жүсіпәлі Нүке­таев ағам ерекше қамқор болған еді. Екінші кітабы 2003 жылы «Мен Әлімқұл – Жамбылдың немересі» деген атпен Рәтбек Сағит-Уахасовтың құрастыруымен шықты. Ал 2007 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Атадан қалған бір мұра» атты жинағы Әлекеңнің 80 жылдық ғұмырындағы шығармашылық белесі деп атауға болады. Ақын қай жерде болмасын ұлы Жамбыл атасына тәңірдей сыйынады, пайғамбардай қастерлейді, ерекше елжіреп, ғажап жақсы көреді. Сырлы қызыл домбыра – Атамнан қалған бір мұра. Музейден сені көргенде Кетті көзім бұлдырап, Басым мең-зең болды да, Сілейіп қалдым орнымда. О, дариға тұрушы ең, Алтын тәтем қолыңда. Пернеңді басып кәрі қол, О дүниеге шекті жол, Басымды ием күбірлей, Топырағың торқа бол!.. Ұлылардың ұстазы, бүкіл айтыс ақындарының алтын діңгегі – Сүйінбайды айтпай біздің елде өлең-жыр айтыс басталмайтын. Әлімқұл да дүлдүл ақын атасы жайлы табаны қызған бәйгеге қосқан тұлпардай арындап, арыдан қозғайды. Өнердің ғажап сыйындай, Жәкеңнің пірі – Сүйінбай. Сөйлемеуші еді Жәкеміз, Сүйінбайға сыйынбай. Өмірдің өтер тізбегі, Тарихтың мәлім іздері. Даламен бірге жасайды, Сүйекем дарын сіздегі. Армансыз-ақ шығарсың, Айтыстың алтын діңгегі Төрені – тұл деп даттаған. Ел мұңын жоқтап әрдайым, Халықты ғана мақтаған. Сенімін елдің ақтаған, Ұмытылмайды жақсы адам. Тезекке барып Сүйекем, Төрені сөзбен түйреген. Ұрлығын басып бетіне, Жасқанбай жағы тілдеген. Атамның ұлы ұстазы, Ақыннан мен де үйренем. Тұлпарды танып тайынан, Жамбылдың ұлы боларын, Сүйекем алғаш білген ең. Қазақ пен қырғызды аралай, Дүлдүлін жырдың тағалай, Қатағанменен айтысын, Қос халық тұрған бағалай. Ұлан бір заман өтсе де, Шықпайтын естен бабам-ай! Қырғыз бен қазақ жағалап, Сен болдың жүйрік тағалы ат. Ақындардың ақыны, Өнері асқан ғаламат. Мәңгілік мына халқыңа, Жырларың қалды аманат. Әлекең өлеңдері ел мен жер, өткен мен бүгін, мына біздер замандастары жайлы. Туған ел, әсем тауын қалай-қалай төгілте жырлайды. Майтөбенің самалы, Қыз бетіңнен сүйгендей. Кестеленген орамал, Маңдайыңа тигендей. Майтөбенің самалы, Жас жұбайдың лебіндей. Ақшамдағы ақ жастық, Ақ төсектің төріндей. Майтөбенің самалы. Әтір сепкен бұрымдай, Кең өмірге құлшынып, Құлдырайсың құлындай. Майтөбенің самалы, Бейне бір пәк періште, Айтып-айтпай не керек, Арман деген көп іште... Ақындық сезім, әдемі өрнек қандай! Атақты Майтөбені сен де сағынып, бір көруге құмартасың. Әлекең жырларының көпшілігі көз көрген тұлғаларға арнау. Ерекше және бір құндылығы - ата-шежіре, өткен тарих, жер аттары, көне аңыздарды жырға қосып ұрпаққа ұсынып отырады. Ел мен жері, олардың атаулары, жайлау-қыстаулары, ұлы тұлғалар жайлы мазмұнды мағлұмат береді. Әлімқұл – айтыскер ақын, отыз шақты ақынмен айтысқа түскен, әттең-ай дерлігі, соның көбісі жазылып алынбапты, хатқа түспеген. Бір ғана Надя келінімен, Надежда Лушниковамен он шақты рет айтысқан, ал кітапта соның біреуі ғана бар. Айтыс – нағыз өнер додасы. Онда бүкіл өнерпазға тән шеберлік, домбыра тарту, өлең жұптау, табан астында жауап қайтару секілді қатаң ерекше жүйесі бар. Кезінде жалындап шыққан Баймұқа Нұрсұлтанов деген мықты айтыскер ақынымыз болған. Әлекең сонымен екі мәрте айтысқа түскен. Манап, Әли, Әсембала, Әбікен, Айтақын, Мұхаметәлі, Өзбек және басқа да ақындармен айтысы – бүгінгі зерделі ел есінде. Осы айтыстардың барлығында ол Жетісуды, Алматы облысы мен өзі туып-өскен аудан намысын қорғады, жақсылығын жарқырата көрсетті. Айтыс өнері өшуге бет алған тұста қайта көтерілуіне алғашқылардың бірі болып белсене кірісті. Қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі айтысқа қызыл сырлы домбырасын құшақтап барып, қатысып жүрді. Айтыстың сол кезеңдегі ту ұстаушыларының бірі, бірі ғана емес бірегейі, бүгінгі айтыскерлер қауымының ақсақалы осы Әлімқұл Тоққұлыұлы! * * * Жамбыл тәтеміздің жадының мықтылығына тәнті болып зердесінде миллион жыр жазылып қалғанын М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов жазып кетті. Әлекеңнің де есте сақтау қабілетіне таң қаламыз. Қандай бір шежіре, аңыз тарихи әңгіме болса тарам-тарам етіп, деректермен то­лық­тырып, майын тамызып айтып береді. Жас күнінен бастап естіген-көргендерін жазып, Жамбыл музейіне өткізіп отырды. Ал кітаптарындағы естеліктері мен есіндегілері жайлы деректері – өте құнды. Әлекеңнің ғұмыр бойы қолынан қаламы түспеген – қаламгерлік қуаты да ерекше бір қыры. Аудандық, облыстық газет беттерін ақтарсаңыз оның жазған көптеген мақала, зерттеу, естеліктеріне жолығасыз. Құнды-құнды деректерге қызығасыз. Мәселен, Алғадайды жоқтаудың Жамбыл атасы айтқан нұсқасын былай деп жазады: Ат байладым ақырға, Бал қайнаттым бақырға, Қайнатқан балдан татпадың, Қайтара сәлем айтпадың. Мінгенде атың сұр бөрте, Тұңғышым өлдің еп-ерте. Мен жыламай кім жылайд, Жал-құйрығым кеп-келте. Мінгенде атың кер ме екен, Кекілден аққан тер ме екен? Қырға шығып шақырсам, Алғадай мен Ізтілеудей боздағым, Атамның даусы-ай, дер ме екен? Мінгенде атың ақбоз ат, Кимедің ақырет үш қабат. Жауаптап молда алдырып, Тозақ отын көрмей жат. Өзі естіген талай-талай әңгіме дерек, өлең-жырларды осылай жазып келеді. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажымұқандарға арнаған Жәкеңнің әзілдері қандай. Сәбит Мұқановты Жәкең «Балуан Шолағым» дейді екен. Міне, сол Сәбеңе арнаған бірауыз өлеңі: Аман ба Балуан Шолағым, Ұқсайды соған қомағың. Мезгілсіздеу келіпсің, Бола қойғын қонағым. Мәриям жоқ қасыңда, Ыңғайсыз-ау, со жағың. Қызғанатын мен емес, Осы ауылдың тамағын. Мал союдан кеш қалдық, Қайнайтын ет, қазаным. Жеңіл-желпі ішіп жат, Балалардың арағын. О да болса серкесі, Осы кызық заманның. Қой күйіске кірді ғой, Түсінерсің қарағым – Жалпы, жамбылтану ғылымында Әлекеңнің өзіндік үлесі бар. * * * Жамбыл төңірегінде – өте дарынды, талантты ақындар шоғыры қа­лыптасып, тәр­биеленіп, өсіп-өркен­деді. Олардың қазақ әдебиетінде өзін­дік орны, салмағы бар. Мұхтар Әуезов: «Ал Жамбыл төңі­­ре­гіне топтанған кіші, жас ақын­дар қазір өз творчествосында жалпы ақындық – шығарғыштық және жанрлық-репер­туар­лық бет-бейнелерімен, бағыт-бағдар­ла­рымен Жамбылға жақын, сонымен үндес» деп олардың көбісіне лайықты баға берді. Жамбылдың шәкірттері Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбеков, Есдәулет Қандеков, Әбдіғали Сариев, Өмірзақ Қарғабаев, Әсімхан Қосбасаров секілді халық ақындарымен Әлекең бірге жүрді. Молдабай Жолдыбаев, Қасен, Оспан Тұяқбаев, Арғынбай, Шүкітай, Малыбай, Жартыбай Қырықбаев, Өтеп Оңғарбаев, Әбдіқадыр, Қасымхан Қосбасаров, тағы басқа осы өңірдегі ұмытылып бара жатқан ақындар жайлы қозғау салып, іздестіріп, ел есіне салып жүретін де осы Әлекең. Осы ауданның тұңыш ревкомы-басшысы болған ақын балуан Мақыш Райымбекұлы жайлы кітап жазуыма түрткі болып, ой тастаған Әлекеңе қалай разы болмассың! Ірі істерді ірі тұлғалар жасайды. Әлім­құл ағаның ұсынысымен Жамбыл ата мавзолейінің сол жақ босағасына қызыл шұбар жолбарысы қойылды. Жам­былдың ата-бабалары жатқан бейіт-қорымы қоршалып, кесене тұрғызылды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл игі істерді жүзеге асырған, көптеген ескерткіш-кесенелер тұрғызып жүрген белгілі мемлекет қайраткері, бүгінгі Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтың шарапатты да шапағатты ұлан-ғайыр игілікті істерін атап айтқан абзал. Тірі тарих, шежіре көңіл Әлекең – көненің көзі, өткеннің жоқшысы. Құртқа тәуіп, Досмайыл бақсы, Байсерке болыс, Тәумеңке, Түктібай әу­лие, тағы басқа да айтулы жандар жөнінде, олардың кім болғаны, қайда жерленгендері жайлы қажет же­ріне айтып, іздеушісі болып жүрген қайраткер. Әлекең Жамбыл күйлерін тартады, тарихын баяндайды. Жамбыл тәтесінің ән-әуендерін айтады. Осы өңірдегі ұмытылып бара жатқан ән-әуен, күйлер, жыршылар сарынын бүгінге жеткізуші. Кезінде Шортанбай, Қыдырқожа, Шаштай күйлерін бірге барып жазып алған едік. Нұрғиса Тілендиевпен жақын туыс болып араласты. Әсет Бейсеуовты тұңғышындай еркелетті. Оспанханмен әдемі қалжыңдасып, Мұхаметжан Етекбаевпен жақын сырлас болды. Сейдахмет Бердіқұлов, Орысбай Әбділдаевтар ағасы жайлы «Лениншіл жасқа» мөлдіретіп жазды. Марқұм Сейітхан Молдахметұлын өз баласынан артық жақсы көрді. Күлкі – көрікті өмір, Әзіл – әдемі көңіл. Әлекең жастарды жанына үйіріп, әзіл-қалжыңмен, ақыл-өсиетімен бір шоғыр таланттарды тәрбиелеп өсіріп келеді: Есенқұл Жақыпбеков, Жолдасхан Құрамысов, Ермек Жұматаев, Ақан Әбдуәлиев, Әуелбек Ысқақов, Нүсіп Әбдірахым, Рәтбек Сәдуақасов, Нұрлан Әбдібеков, бәрі-бәрі Әлекеңе еркелейді. Әлекең бәрімізді еркелете білді. Ұлы Бекмұрат бүгінде күйші, ақын. Немерелері де домбыра ұстап, үйреніп жүр. Әлімқұл Жамбылов жарты ғасыр мәдениет саласында қызмет етті. Қызыл отау, автоклуб меңгерушісі болды. Әлекең бармаған қыстау, араламаған жайлау жоқ шығар. Автоклуб меңгерушісі болып жүріп таңды таңға ұрып, малшы, қойшыларға, алыс­тағы қырман басында кино көр­сет­ті, өзі өлең-жыр, толғау-дастан айтты. Сахнасы – қазақтың кең даласы, кө­рер­мені – құс ұйқылы, бел шеш­пей­тін бейнеткер малшылар қауымы болды. Әлекең келсе ән келеді, жыры мен сән келеді, – деп күтіп отырар еді ел-жұрты. Қашан көрсек те Әлімқұл аға тең- тең газет-журнал көтеріп жүретін, көп оқитын, оқығанын түртіп жазып қояды, жақсысын елге айтып жүреді. Қазақстанның халық ақыны Әлімқұл Жамбылов атақ, абыройдан кенде емес. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Құрмет орденді, Алматы облысы мен Жамбыл ауданының құрметті азаматы. Әр адам бір-бір тарих, өзгеше әлем. Ішкі жан дүниесіне үңілер болсақ сан түрлі тағдырды көреміз. Әлекеңнің де өмірі теп-тегіс емес, сан қырлы, жетімдік зарын да, ашаршылық, соғыс бәрі-бәрін басынан өткерді. Жұбайы Күшәрия Сәрсенәліқызы ерте, 1989 жылы қайтыс болып, үш ұл-келінімен қалды. Қиындықты қайыспай жеңе білді. Мойымады, морт сынбады. Бүгін еліміздің батагөй ақті­лекті абыз ақсақалы. Мәскеуге бар­ға­нымызда Қызыл Алаңда сан елден кел­ген сан ұлттың өкілдері оюлы қазақ шапан киінген, қолына домбыра ұстаған Әлімқұл шалды құшақтап «Жамбыл, тірі Джамбул» десіп суретке түсіп жібермей қойғаны бар. Иә, Жамбыл атам бейітіне бүкіл әлем келіп, басын иіп, тәу етіп жатады. Жақсы да жайсаң да, талай-талай құдіретті де киелі жандар Жамбыл ауы­лына арнайы ат басын тірейді. Күллі дүниенің жұмағы ғой бұл – құтты мекен. Тәтеміздің музейі алдында қызыл сырлы домбырасы қолында, үстінде Өзбекәлі Жәнібеков тіктіріп берген ою-өрнекті шапаны, көзі күлімдеп, әппақ сақалы желбіреп Әлімқұл Жамбылов қарсы алады мейман біткенді. Әу деп айқайлап, Қарасайлап ұран шақырып, арнау жырын төгіп-төгіп жіберетіні бар. Бәрі де ғажап, бәрі әдемі. Қонақ біткен елжіреп, елбіреп тірі Жамбыл атасын көргендей мәре-сәре болып жатады. Шәкірті Сүйінбайдың Жамбыл алып, Жырлаған Қарасайды айбынданып. Өлеңнен өлмес тұғыр тапқан ақын, Елде жүр жолбарысын ертіп алып.

Alimkul ahat * * * – Атам сізге келіп жолығып кет­сін­ші деп жатыр, – деді тұңғыш ұлы Мұратхан телефон шалып. Дереу қамданып, асығыс жетіп бардым. Шал төсекте жатыр. Әппақ қардай сақалы омырауын жапқан талай-талай дүбірлі ас, додалы айтысты дүрілдеткен ақын әппақ қудай қуарып, көзі ішіне түсіп, әбден еттен арылған. Адам азғанда құр сүйегі саудырап, ұзарып кетеді-ау деймін. – Балам, келдің бе? – деді. Өбектеп үстіне төніп түстім. – Балам, кел, отыр қасыма. «Атам дегізсе дегізсін, ботам дегізбесін» деген қазақпыз. Сендердің алдарыңда аттанайын деп жатырмын. Жамбыл атам түсімде шақырып жүр. Ел-жұртыма разымын алақанына салып еркелетті, Жамбыл ата домбырасын ұстаған ақын деп төбесіне көтерді. Қай жерге барсам да замандастарым төрін ұсынып, қойын сойып, құрметтеп-қошеметтеп қонақ етті. Алланың мұнысына шүкір, тәуба!.. – деп сақалы желпілдеп Жәкеңнің екі-үш шумақ өлеңін айтты. Мұратхан құрақ ұшып, дастарқанға шақырды. Үйме бір табақ ет тартылды. Жүрегім басы кілкіп, әлгі тамақты жей алсамшы. Төрге сүйемелдеп, қолтықтап әзер әкеліп отырғызған қарт ақынға жапақтап қарай беремін. Сексен сегіз жастағы қария мені неге жекелеп шақырды екен? Ішім дауыл, өмір деген қас қағым сәт екен-ау... Бүкіл бала-шаға, немерелерінің кө­зінше: – Мені неге шақырдыңыз? – деп сұрадым. – Жәй. Адам ауырып, жер тартып жатып қалғанда есіне нелер келіп, нелер кетпейді. Көкейімде баламдай болған сені сағындым, дидарыңды көргім келді. Батамды берейін саған... – деді жарықтық даусы үзіліп-үзіліп шығып. Ойым онға, санам санға бөлініп, суық сорғандай денем қалтырап, бұрқ етіп көзіме жас іркілді. Қайран асылдың сынығы, көненің жарқырап тұрар көзі, іші тола қазына сыр сандық қария ақынды көтеріп, қайта төсегіне жатқыздық. – Ақын не айтар екен, нені аманаттап табыстайды деген оймен екеуміз оңаша жеке қалғанда: – Маған не айтқыңыз келді? – деп тағы сұрадым. – Көрдім. Сөйлестім. Көңілім толды. Ел-жұртыма рахмет дегейсің. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Соңым­­дағы өсіп келе жатқан қазақ Елі қала ормандай өсіп, өніп, көктеп, кө­бейе берсін! Әлекең екі қолы желді күнгі жапы­рақ­ша қалтырап, батасын беріп, қоштасты. Мен қарт ақынның аппақ сақалын мауқым басылғанша иіскей бердім. Көп ұзамай, жұмаға жетпей «Әлім­құл ақын қайтыс болды» деген хабар келді. Қалың елі қайысып, соңғы сапарға шығарып салды. Әлекеңді ата-бабаларының жанына жерлеген күннің ертесіне Алатау басы түгел ағарып кетіпті. *** Міне, арада бір жыл сырғып өте шы­ғыпты. Әлекеңнің жазып қалдырған кітап, мұраларын қарап отырмын. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Биыл күзде суық ерте түсті. Алаңдап туған әкемдей болған Әлекеңді сағынып, тау жаққа қарай беремін. Қарт Алатау­дың басы да, самай шашы да әппақ-ау, әппақ... Біздің ақ сәлделі тауларымыз да биік, асқар, сұлу да паң. Ұшы-қиырына көз жетпейтін далаларымыз да кең, алып, көркем де көрікті. Дарқан жеріміз де – асылға тұнып тұр, еліміз де асыл жандарымен ардақты. Данагөй көпті көрген шежіре көңіл баташыл да тәубешіл қарияларымыз – Жамбыл атамды көрген, сөзін естіген Сіздер аман болыңыздар. Сол Жамбыл атамның жұрнағы – жауһар жырының жалғасы, домбырадағы дір еткен дыбысы, үні, сөзі, көзі – Әлекең жайлы ақтарылар сөздер, естеліктер телегей-теңіз.

Айтыс – нағыз өнер додасы. Онда бүкіл өнерпазға тән шеберлік, домбыра тарту, өлең жұптау, табан астында жауап қайтару секілді қатаң ерекше жүйесі бар. Кезінде жалындап шыққан Баймұқа Нұрсұлтанов деген мықты айтыскер ақынымыз болған. Әлекең сонымен екі мәрте айтысқа түскен. Манап, Әли, Әсембала, Әбікен, Айтақын, Мұхаметәлі, Өзбек және басқа да ақындармен айтысы – бүгінгі зерделі ел есінде. Осы айтыстардың барлығында ол Жетісуды, Алматы облысы мен өзі туып-өскен аудан намысын қорғады, жақсылығын жарқырата көрсетті.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы

1875 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз