Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Маусым, 2017

Әсел Хайрула: Қазақтың қолөнерін әлемге танытқым келеді

Қазақ халқының қолөнері ғасырдан-ғасырға жалғасып келсе де, оның бүгінгі таңдағы дамуы қандай деген сауал көкейімізде тұратыны белгілі. Жасыратыны жоқ, қазір баяғыдай киіз басып, одан сан алуан бұйым жасап, ұлттық қолөнерді өрістетіп жүргендерді көп кездестіре бермейміз. Дегенмен, бұл өнерді де ұмыт қалдырмай, қолдан келгенше жандандырып жүргендер бар. Солардың бірі – Әсел Хайрула. Әсел дизайнерлік жұмыспен айналысады екен. Қолөнерде халқымыздың байырғы дәстүрлерін бүгінгі заманмен ұштастырып, сәнді киім үлгілерін дайындайды. 

– Париждің атақты сән үйлері жасанды маталарды қолданып, сәннің келешегі синтетикада деген көзқарасты ұстанып келеді. Бұл жөнінде сіздің ойыңыз қандай? – Иә, қазіргі әлемдік сән ­индустриясы шырқау шыңына жетті. Бұл салада жаңалық ойлап табу айды аспанға шығарумен бірдей. Енді тек озық технологиялардың көмегімен бұрыннан бар киім түрлерін жаңаша түрлендіру ғана қалды. Дегенмен, мен париждік дизайнерлердің табиғи маталардың күні өтті, енді оларды синтетика алмас­тырады дегендерімен келіспес едім. Себебі қазіргі сән әлемі қаншалық сан алуан болса да адамды бір қалыпқа салуға бейім. Біркелкі киінген, біркелкі мәдениетті тұтынатын адамдар тобы пайда болды. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде табиғи материалдар кеңінен қолданылды. Оның ішінде жүннің алатын орны ерекше. Әжелеріміз киім-кешектен бастап, күнделікті қажет бұйымдарының бәрін осы ғажайып материалдан жасаған. Киіз пестицидпен өскен жасанды талшықтар қолданылған кез келген киімнен жүз есе артық және ол қоршаған орта үшін мүлдем зиянсыз. – Киізден жасалатын бұйымдарды әзірлеуде қандай әдіс-тәсілдерді қолда­насыз? – Апа-әжелерімізден қалған технология бойынша бәрін өз қолыммен жасаймын. Сабын мен судың көмегімен басу, илеу әдістерін қолданамын. ­Басты шикізат – меринос қойдың жүні. Қой жүнінің жылу реттейтін қасиеті бар. Медицинада құрғақ жылу суық тигенде бірден-бір ем саналады. Таза жүннен жасалған киім денедегі жараның тез жазылуына, сынықтың тез бітуіне көмектеседі. Малда болатын ланолин майы жүнде де сақталады және ол тері астындағы қан айналысын жақсартып, адам терісінің қартаюын тежейді екен. Ланолиннің косметикада кеңінен қолда­нылуы да содан. Киіз басу арқылы әзірленетін киім­дер­­де тігіс болмайды. Әрі жеңіл, әрі жылы. Қыста тоңдырмайды, жазда тер­летпейді. Ұлттық ерекше­лі­гі­мізді көрсететін ою-өрнектер де өз ор­нымен қолданылады. Әсіресе жүннен жа­са­латын киімдер топ-тобымен емес, бір дана ғана әзірленетінін айта кеткім келеді. – Киізден қандай бұйымдар жасауға болады? – Киізді қалай түрлендірсең де ыңғайға көнеді, одан бәрін жасауға болады. Қиялға қанат бітіріп, ойлағаныңды шектеусіз іске асыруда таптырмайтын материал. Көркемдікті, сұлулықты қай қырынан ашам десеңіз де еркіңізде. Киізбен жұмыс істеудің өз ерекшелігі бар. Осы кәсіппен шұғылданатын нағыз шебер үшін көркем дүниелер тудыруға еш кедергі жоқ. Міне, сондықтан да киіз мен үшін жай уақытша қызығушылық емес, тұтас бір философия. Мен киізден әйел киімдерінің заманауи үлгілерінен бөлек, түрлі әшекейлер, интерьер бұйымдарын әзірлеймін. Бұл материалдан ойыншықтан бастап, киімнің түр-түрін, тіпті жиһазға дейін жасауға болады. Жалпы киіздің мүмкіндігі мол. Бұл экологиялық таза материалдың жоғары сұранысқа ие болатын кезі әлі алда. – Әр дизайнердің өзіне тән стилі бар. Ал сіздің кәсіби ерекшелігіңіз неде? – Өнерге құрметпен қарайтын кез келген суретші сияқты менің де өз көзқарасым, ұстанымым бар. Ең ­бастысы, өзіміздің тек-тамырымызды ұмытпауымыз керек. Менің бағытым осы ұстанымнан туған, яғни қазақтың киіз басу өнерін заманға сай жаңғыртуды мақсат еттім. Тіпті мен басқан «хай-тэк» стиліндегі киіз көйлектің өзін­де әжем­нің иісі, анамның алақанының жылуы, даламның рухы бар деп айтсам болады. Менің қолөнерге құштарлығым ана сүтімен, әке қанымен дарыған деп білемін. Содан болар, мені дизайнер ретінде қазіргі «ақылды» киімдер жасау емес, дәл осы ұлттық өнер қызықтырады. – Сіздің ашық түстерге басымдық беретініңіз байқалады. Неліктен? – Киіз басып, көйлек даярлау үлкен шеберлік пен ой-қиялдың ұшқырлығын, шыдамдылықты талап етеді. Әсіресе түстердің үйлесімділігіне баса мән беру қажет. Түрлі-түсті бояумен әдемі өрнек салынған көйлектерге қызығатындар да көп. Негізі, апа-әжелеріміз ашық түстерді ұнатқан ғой, бұл олардың өмірге көзқа­ра­сынан, дүниетанымынан деп білемін. Ашық түстер өмірге құштарлықты оятады. Өз басым киіз бұйымдарын әзірлеу барысында бар ынта-жігерімді саламын. Айналысқан кәсібіңе сүйіспеншілікпен қарағанда ғана жасаған дүниең ойдағы­дай шығады. Ұлттық өнерді осылайша жандандыруға тырысып жүрмін. – Алға қойған арман-мақсатта­рыңызбен бөліссеңіз... – Менің өміршең идеяларым аз емес. Ең алдымен, киіздің бүкіл қасиетін, қыры мен сырын ашқым келеді. Қазақтың төлтума қолөнері мен бірегей өнімдері әлемге танылып, сәнге айналса деймін. Бұл үшін, әрине, тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденіс қажет. Сонда ғана нәтижеге жетесің. Шығыс бояулары мен Батыс үрдісін үйлестіріп, әлемдік талапқа сай екшеу арқылы сән әлемінде өз орнымызды айқындауға болады. Болашақта қазақтың киізін дүние­жүзілік сән айналымына енгізіп, көп­ші­лікке арналған дайын киімдер өндірісін жолға қоюды армандаймын. Халықтық қолөнерді жаңғырту арқылы киізден жасалатын заманауи эксклюзивті-дизайнерлік дүниелер оған әбден лайық. – Сәнді киімге қызығатын жандарға қандай кеңес берер едіңіз? – Сәнді екен деп не болса соны кие бермей, әр адам дараланудың жолын іздеуі тиіс. Киімнің жарасымды, денеге қонымды болуына, денсаулыққа пайдалылығына мән беру керек. Көркіңізді ашатын түстерді таба біліңіз. Сонда көңіл-күйіңіз де көтеріңкі болады. Ең бастысы, ұлттық ерекшелігімізді ұмытпауымыз керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дина ИМАМБАЕВА

1622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз