Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 08 Маусым, 2017

Көше атаулары қазақшаланды

Мемлекеттік тіліміздің кең ауқымда қолданылуы – ұлт бірлігін нығайтудың ең басты алғышарты. Бүгінгі таңда Елордадамызда  мемлекеттік тілді дамыту жөнінде жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Оқырмандар назарына Астана қаласы Тілдері дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали ҚЫШҚАШБАЕВПЕН болған сұхбат ұсынылып отыр. 

– Астана қалалық Тілдерді дамыту басқар­масы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңей­ту мақсатында нақты қандай жұмыстар ат­қаруда, нәтиже қандай? – Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тілді дамытуға үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруші негізгі фактор болып табылатын мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына, қолданыс аясының кеңеюіне зор мүмкіндіктер туғызуда. Осы бағытта Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасының Конституциясын, Тіл туралы Заңды, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, бірегей мемлекеттік саясатты ұйымдастырып, жүзеге асыруда, толерантты тілдік ортаны қалыптастыруда Астана әкімдігінің тікелей қолдауымен жүйелі де жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл сайын тілдерді дамыту, насихаттау және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған қоғамдық орындар, мемлекеттік мекемелер, жоғары және орта арнаулы оқу орындары, мектептер, балабақшалар, этно-мәдени бірлестіктер, құрылымдық мекемелер, шығармашыл ­жастар, ғалымдар мен мамандар, ақындар мен жазушылар арасында өтетін ­алуан бағыттағы байқауларға ардагерлер мен ­зиялы қауым өкілдерінен бастап, балабақша бүлдіршіндеріне дейін қатысуда. Соның ішінде көпшілік көңілінен шығып жүрген «Үздік жарнама», «Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуші үздік маман», «Мемлекеттік тіл және жастар» байқауларын айырықша атауға болады. Біздің негізгі мақсатымыз – жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіріп, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру. Осы негізде, ұлы тұлғалардың айтулы күндері мен мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған, жас ұрпаққа рухани тәрбие мен өнеге көрсетуге бағытталған әдеби-сазды кештердің, ғылыми-тәжірибелік конференциялардың тағылымы мол болмақ. Сондай-ақ «Елдік бастауы», «Алаштың астанасы», «Намыс пен қайрат», «Тарих пен тіл тамырлас» қоғамдық-рухани, интерактивті шаралары, Абай Құнанбайұлының туған күніне, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген іс-шаралар зиялы ортаға ой тастап, жастардың қызығушылығын оятуда. Мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында дамыту, жаппай қазақша сөйлеуді ұйымдастыруға және қоғамдық ықпал жасауға негізделген, көпшілікке арналған акциялар өткізу де қолға алынды. Акциялар ел жастарының бірлігін арттыруға, аға буын мен өскелең ұрпақтың сабақтастығын жалғастыруға бағытталады. Әсіресе Парламент және мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар мен қаламгерлер, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітетін дөңгелек үстел отырыстарының берері мол. Жыл сайын біз дәстүрлі Қазақстан халқы тілдерінің қалалық фестивалін өткіземіз. Бір ай бойы қаладағы барлық мекемелерде жоспарға сәйкес түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілді дамыту, оның нақты нәтижесі туралы айтқанда, сөз жоқ, мемлекеттік тілді оқыту курстары басты орында тұрады. Бұл қаладағы мемлекеттік органдар, білім, спорт, медицина мекемесі қызметкерлері мен қала тұрғындарына мемлекеттік тілді тегін оқыту үрдісі 2001 жылдан бері үздіксіз жалғасып келеді. Қазіргі уақытта оған қызығушылар саны да артып отыр. Мәселен, 2010 жылы елорданың ересек тұрғындарының 2,4 %-ы өтініш білдірген болса, 2016 жылы аталған көрсеткіш 50,3 %-ға дейін өсті. – Бүкіл әлем көз тігіп отырған ­«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына санаулы сағаттар қалды. Көшедегі жарнамалар мен маңдайша жазулары шетелдіктердің назарын аударары сөзсіз. Сонда олар қазақ деген халықтың астанасында жүргенін қаншалықты сезіне алады? – Дұрыс айтасыз, еліміздің жүрегінде өтетін маңызды іс-шараға шартараптан қаншама туристер, меймандар келеді. Жат көз сыншыл болатыны да рас. Олар қарайды. Көреді. Салыстырады. Көшедегі көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндері белгіленген заң талаптарына сәйкес сауатты жазылуы, қаланың ажарын келтіріп, көздің жауын алатындай көркем безендірілуі қажет. Бұл – үлкен жауапкершілік, асқан мәдениет. Сондықтан біз оған аса мән беріп, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес мем­лекеттік және орыс тілдерінде, қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылуын қатаң қадағалаймыз. Кез келген нысанның маңдайша жазулары мен жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде жазу – ел заңдарын құрметтейтін әр қазақстандыққа сын. Жарнама берушілерге біз осыны түсіндіруіміз керек. Әрине, көшедегі жарнамалар мен көрнекті ақпараттар мәтіндерінің барлығы да «төрт аяғын тең басып тұр» деп айта алмаймыз. Тіл туралы заң талаптарына жайбарақаттық танытып, оны орындағысы келмейтіндердің бар екендігін де жасыруға болмайды. Оларға заң талаптары түсіндіріліп, қызметтік хаттар жазылады. Сөйтіп, кеткен грамматикалық, стилистикалық, мағыналық қателерге ай ­сайын мониторинг жүргізіліп, оның жөнделуіне ықпал етеміз. Соның нәти­жесінде бүгінде қала көшелерінде орна­ласқан билборд, пилондардағы көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндері, маң­дайша жазулары талапқа сай сауатты жазылуда. – Тіл туралы Заңға сәйкес, мекемелер мен ұйымдардың атауларын қалай жазу керектігі айқын белгіленген. Алдымен қазақ тілінде, сосын, орыс тілінде. Бұл заңдылық сақталып келеді. Енді осы мәселе ағылшын тіліне келгенде неге кері кетіп тұр. Көшелерде ағылшын тіліндегі атаулардың қазақ тіліндегі нұсқасы неге жазылмайды? – Тіл туралы заңнаманың 19-бабына сәйкес бірлескен, шетелдік ұйымдардың атаулары мемлекеттік тілде және орыс тілінде транслитерация арқылы жазылуы тиіс. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан компанияның атауы латын әрпімен жазылған уақытта кириллицада транслитерациясы болу қажет. Атауы латын әрпімен тіркелген куәлікте міндетті түрде кириллицаға транслитерация болу керек. Бұл мәселе дөңгелек үстел, конференция, семинар-кеңестерде бірнеше рет талқыланып, әділет органдары хабардар болған. Бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдарында да көтеріп жарияладық. Сыртқы жарнама, көрнекі ақпаратта қате жазылған мәтіндерді анықтау және сараптама жұмыстарын жүргізу мақсатында қала бойынша өзімізде бекітілген кестеге сәйкес рейдтер жүргізіледі. – Астана – еліміздің айнасы. Елорда көшелерінің атаулары қазақшалануда. Жұрт риза. Осы бағытта қандай жұмыстар жүзеге асуда, шешілмеген мәселелер бар ма? – Астана қаласының Ономастика комиссиясы 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Құрамы белгілі ғалымдар, тарихшылар, саясаткерлер енген 15 адамнан тұрады. Комиссия төрағасы – Астана қаласы әкімінің мәдени-әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары. Комиссия жылына кемінде төрт рет отырыс өткізеді. Онда көше, мекемелерге атау беруге, оларды қайта атауға қатысты келіп түскен өтініштер қаралады. Биыл 1 сәуірдегі мәліметке сәйкес елордада – 16 даңғыл, 926 көше, 5 тасжол бар. 2006-2016 жылдар аралығында 689 көше атауы өзгертіліпті. Атап айтсақ: 2007 жылы – 432 көше; 2008 жылы – 6 көше; 2009 жылы – 201 көше; 2010 жылы – 15 көше; 2011 жылы – 1 көше; 2012 жылы – 1 көше; 2014 жылы – 1 көше; 2015 жылы – 15 көше; 2016 жылы – 17 көше атауы ауыстырылыпты. Бас қаламыз Астанада еліміздің тарихи, мәдени, географиялық дидарын беретіндей атаулар болуы тиіс. Ономастикалық комиссия көшелерге атау берген кезде мынадай қағидаларға сүйенеді: қазақ халқының тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтауға зор үлес қосқан тұлғалар, қазақ халқының азаттығы үшін күрес­кен ұлы тұлғалар, ағартушылар, ғалымдар, Алаш қозғалысының ірі қайрат­керлері, ұлттық әдебиет пен өнердің ірі өкілдері, Ұлы Отан соғысы, жаңа дәуір қаһармандары, т.б. – Елбасының таяудағы мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесі де қозғалды. Қалай ойлайсыз, Астана бұған қаншалықты әзір? – Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыс­тыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұған дейін де өзінің Жолдауларында анық айтты. Ал рухани ой-толғауда ұлттық құндылықтарымызға, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары жайлы баяндалған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы латын әліпбиіне көшу мәселесі жайлы нақты міндет қойды. Яғни мәселенің басы ашылды. Қазіргі таңда біз осы бағытта жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қоғамның әр саласына бағытталған семинарлар мен түрлі іс-шаралар өткізудеміз. Латын әліпбиіне көшу арқылы біздің ұтарымыз көбейеді, әсіресе ақпарат, компьютер, техника заманында көшуге тура келеді, латын әліпбиіне көшу арқылы біз өз тілімізді жаңғыртамыз. Ендеше, бұл стратегиялық қадамның дұрыс-бұрыстығын емес, оны орайымен орын­даудың амалдарын қарастырғанымыз абзал болмақ.

Әңгімелескен Ғабдул-Ғазиз ЕСЕМБАЕВ

1418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз