Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 15 Маусым, 2017

Ырым Кененбай, «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясының және «Алматы-Болашақ» акционерлік қоғамының президенті:ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТАН ҚОЛ ҮЗГІМ КЕЛМЕЙДІ

Жазушы, журналист-баспагер Ырым Кененбай есімі көзі қарақты қауымға жақсы таныс. Ол бүгінде «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясының және «Алматы-Болашақ» акционерлік қоғамының президенті, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері. Алматы облысы Ескелді ауданының Құрметті азаматы. Жақында еліміздегі баспа ісінің шебер ұйымдастырушысы, өмірдің үлкен бір белесінен өткен Ырым ағамызбен әңгімелесудің сәті түскен еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Ырым аға, қаламгерлік жолыңызды ерте бастағаныңыз көпшілікке белгілі. Осы ретте кезінде бала қаламыңызды баптаған «Балдырған», «Қазақстан пио­нері» сияқты газет-журналдардағы ақын-жазушы ағаларыңыздың жазған дүние­леріңізге сүйсініп жылы лебіздерін жолдауы бекер емес болар. – Иә, әдебиет деген әлемге жас кезімізден құштар болдық. Жаңадан шыққан шығармаларды, кітаптарды іздеп жүріп оқитынбыз. Жалпы мен әдебиетке мектеп қабырғасында жүргенде-ақ аралас­тым, төменгі сыныптарда мектеп өмірі туралы мақала, суреттеме жазсам, жоғары сыныпта әңгімелер, шағын новеллаларға көштім. Бала көңіл, бала көзқарас, өзіңнің кіршіксіз таза ойларың сол бала кездегі шығармаларда көрініс табады екен. «Аққулы мекен» деген повесімдегі кейіпкердің прототиптері мектепте бірге оқыған ұл-қыздар, сол кездегі түрлі уақиғалардан алынған. Сол қыздар қазір бір-бір әже болып отыр. 9 сыныпта оқып жүргенімде облыстық «Жетісу» газетінде «Балдақ сыры» деген әңгімем жарияланғаны бар. Сонда әдебиет бөлімінің меңгерушісі, жазушы Дүкенбай Досжанов «Бұл әңгіменің авторы он алты жасар мектеп оқушысы. Жас автордың бұған дейін бізде «Бағила» деген әңгімесі жарияланған. Ырымның әңгіме жазу шеберлігін біраз меңгеріп, қаламы төселіп қалғандығы байқалады. Енді, міне, жаңа әңгімесін жариялай отырып, оған сәт сапар тілейміз» деп жазыпты. Ол «Қазақстан пионері» және басқа газет-журналдарда да шығармаларым басылған кезі. Содан ғой Қаржаубай Омарұлының «Ырым біздің университетке дайын жазушы болып келді» дейтіні. Кейіннен журналистика жолына түсіп, қауырт жұмыс тұсында новеллалар, очерк­тер жазғанмен таза шығармашылыққа бара қойғам жоқ. Шынымды айтсам, «Лениншіл жас» газетіндегі, одан кейінгі баспа саласындағы қызметтер мені жазудан жырақтатқаны рас. «Білім» баспасының директоры болып жүргенімде, ойламаған жерден Алтынбек Сәрсенбайұлы «Сіз Алматы облыстық полиграфиялық-өндірістік басқармасының бастығы боласыз» деді. «Алтеке-ау, мен шеге де қаға алмаймын» деймін ғой, «Шегені басқалар қағады. Сіздің міндетіңіз басқа» деп, сонымен 1995 жылы осы «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясын құрдық. Бір шеті Ұзынағаштан бастап Алакөлге дейінгі бүкіл аудандық баспаханалардың бәрі осы мекемеге қарайтын. Бұл жұмыс та мені әдебиет ауылынан алыстатқандай, тек аудармамен айналысқан кезім де болды. Кейде Жазушылар одағындағы достарым «әй, сен бізден қашықтап бара жатсың ғой» дейтіні бар әзілдеп. Жоқ, қайта мен енді шығармашылыққа келе жатырмын, одан қол үзгім келмейді. Көркем дүние жазу деген бір ғажап нәрсе ғой, қолыңа қаламыңды алып, күн-түн демей кейіпкеріңмен бірге өмір кешесің. – Сізді жазушы ғана емес, журналист ре­тінде де жақсы білеміз. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде қызмет істедіңіз, қаламыңыз шың­далды. Сол кездегі газет журналистерінің әңгімеге бергісіз очерктеріне тәнті болмаған оқырман кемде-кем. Соның ішінде өзіңіздің «Қызғалдақ кешкен қыз» сияқты дүниеңізбен көзі қарақты оқырман жақсы таныс. Жалпы «Лениншіл жас» мектебінің өміріңіздегі орны қандай? – Рас айтасың, менің өмірімде «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеген жылдар ерекше орын алады. Бұл газетке мен ҚазМУ-дің 3-курсында оқып жүргенде қабылдандым. Ол кезде мынадай дәстүр бар – редактордың орынбасары Қалдарбек Найманбаев жазып жүрген жігіттерге кәдімгідей байқау жариялайтын. Содан бір күні Сейітқазы Досымов алып-ұшып келді, «Әй, Қалдарбек аға шақырып жатыр, конкурсқа түсеміз» деп. Бардық. «Бір айлықты төртеуің бөліп аласыңдар. Бір айдан кейін екеуің, екі айдан кейін біреуің қаласың» деді. Содан жарысып жазуға кірістік. 2-3 күннен кейін газеттің бас редакторы Шерхан Мұртаза кабинетке кіріп келді. Қалдарбек ағамыз «Міне, мынау баяғыда өзіңіз мақтаған «Қызғалдақ кешкен қыз» деген очеркті жазған жігіт» деп таныстырып жатыр. Шерағаң жазғаныңды алғашқы кезде өзі қарайды. Қалдарбек сүзгіден бір өткізсе, Шерхан ағамыз екі өткізеді. Әлгі «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» дейтініміз сол. Одан кейінгі редакторымыз ­Сейдахмет Бердіқұлов нағыз кәсіпқой, шебер ұйымдастырушы еді. Өзінің спортты жақсы көретіні сияқты, жігіттерді де сын тезінен өткізіп, әр бөлімге жылға жеткізбей кезек-кезек ауыстырып отыратын. Бөлімдерді өзара жарыстырып, арнайы нөмірлер ұйымдастыратынбыз. Сәрсенбінің сәтінде «Сәтті ойлар сағаты» өтеді, жақсы ойларды жазып алып, әрқайсымызға тапсырма береді. Өңкей сайдың тасындай жас жігіттерміз, ортамызда қыздардан Мағира Қожахметова, Жұмагүл Солтиева бар. Бір қызығы, былайғыда құшақтасып жүрген дос болсақ та, материалдарымызды талдағанда бір-бірімізді аямайтынбыз. Сол кезде редакциямызда «Отызда орда бұзар он жігіт» деген қабырға газеті шығатын. Сағат Әшімбаев, Жақау Дәуренбеков, Жанат Елшібеков, Жарылқап Бейсенбай, Әшірбек Көпішев, Бақыт Сарбалаев, Құрманғазы Мұстафин, Эрнест Төреханов, Жақыпжан Нұрғожаев, мен бар, он жігітпіз. Қазір солардың бәрі мүйіздері қарағайдай бір-бір қаламгер. Бәріміз бір-бір бөлім басқардық. Өскеменнен Оралхан Бөкеев келді. Идеяшыл азаматтың бірі ғой. Әртүрлі саладағы ғажайып жандар бас қосатын «Аққу», «Жазира», «Ақ отау», «Қаһарман», «Сымбат», «Ақшам», «Құралай», «Күмбез» және басқа да алтын айдарлы клубтар оқырмандарын өзіне тартатын. «Ауыл клубтары қайда­сың?» деп, бұл саладағы тіршілік қазанын да бұрқ-сарқ етіп қайнаттық. Мені мәдениет бөлімінен шаруа бөліміне ауыс­тырды. Бұл күйіп-пісіп жатқан жер ғой, «Солтүстікте қар тоқтатсақ, оңтүстікте егін егіп жатырмыз» деп тақырып қойып, беттер ұйымдастырамыз. Бәріміз жарысып жазғаннан кейін бе, газет жарқырап, жайнап шығатын еді. Таралымы жүздеген мыңға жетті. Ал енді іссапарға шықсақ, ханның баласындай қарсы алатын ел. «Лениншіл жасқа» Мұқағали Мақатаев жиі-жиі бас сұғатын. Ақынның «Райымбек! Райымбек!» поэмасы Сейдағаңның арнайы тапсырысымен жазылғанын біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Мұқағали редакцияға шашын сілкіп тастап, маң-маң басып кіріп келетін. Терезесі Көк базарға қарап жарқырап тұратын «Лениншіл жас» газетінің секретариат бөлмесіне Мұқаң кіре салып шахмат тақтасын жайдырып, шартпа-шұрт ойынға кірісетін. Бұндай көріністерге талай мәрте куә болдық. Ал бүгінде Мұқағалидың көлеңкесін көр­мегендер де естелік жазғыш болып кетті... – Сіздің буынның бір ерекшелігі, қай тақырыптың болса да кілтін тауып, адам қызыға, бас алмай оқитындай етіп жазуларыңызда. Соның ішінде алуан түрлі мамандық иелерімен жүргізген сыр-сұхбаттарыңыздың жөні бөлек. Қазақтың маңдайына біткен атақты ғалымдарымен, еңбек ерлерімен жүздесу бақыты пеше­неңізге бұйырыпты. Сол сұхбаттардан түйгендеріңізді айтсаңыз. – Жастар газетінде, әсіресе мәдениет және ғылым бөлімінде жүрген кезім өз өмірімдегі үлкен бір белес болды. Азамат болып, қаламымды ұштауға сеп болған кезең еді. «Ғылымда даңғыл жол жоқ» деп айдар ашып, алдымен Әлкей Марғұланнан бастадық. Ай маңдайы жарқырап, ғұлама ғалым үйіне кездесуге шақырды. Сондағы айтқан сөздері, көрсеткен еңбектері ат басындай алтынға тең. Ақжан әл-Машанимен сұхбаттасу да бір ғанибет еді, ол кісінің әңгімесі таңға дейін таусылмайды. Уфа Ахметсафин жайлы «Бұлақ көрсең көзін аш», Шапық Чокинмен жүргізген «Сібір өзендері арнасын түстікке бұрады» атты көкейкесті мәселеге ой жүгірткен әңгімелер оқырманның көңілінен орын тапты. Кейіннен осы «Алатау» баспасынан Әлкей Марғұланның 14 томдық, Ақжан ағаның 16 том кітабын шығардық. Шаруа бөлімінде жүргенде еңбек адамдарымен жүздесіп, өмір дас­тандарын жазған кездер тамаша еді-ау. Мойынқұмда омырауына Алтын Жұлдызды жарқыратқан шопан Жазылбек Қуанышбаевқа арнайы барып, бір күн қасында жатып әңгімелестім. Қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі еңбек ерлерімен бетпе-бет жүздестірген «Лениншіл жастың» құдіретіне не жетсін! Осындай адамдармен жүздесу адамды тәрбиелейді, биікке жетелейді екен. «Батаменен ер көгерер» дегендей, студент кезімде курстас досым Бақытжанмен талай мәрте ауылына бірге барып, атақты ақын-әнші, композитор Кенен ата Әзірбаевтың алдын көріп, батасын алдық. Сұлутөрдің, Сусамырдың, Ұларұшқанның сұлулығын көрдік.Туған өлкенің қадір-қасиетін терең ұққан, тұрған жер қазынасын арттырғандармен таныс-біліс болған күндер еді ол. Өзіме ыстық малшылардың өмірінен «Жұлдыздар мұнда тым жақын» деп, бүкіл Жетісудің жайлауын аралап сериялы очерктер жаздым. Ел ағасы Дінмұхамед Қонаевтың өзі құрмет тұтқан ауыл академигі, Еңбек Ері Нұрмолда ­Алдабергеновпен, басқа да нардың жүгін арқалаған атақтылармен бірге бүкіл әулетімен елдің даңқын аспанға көтерген құрметті қызылшашы Шайжан ­Тергеуовамен жүздестім. Сол шақтар да есімнен бір кетпейді. Өз әкем де шопан болған. ­Маусым айында шопандардың жайлауға шығатын кезінде дүниеге келіппін. Жаз жайлауға, қыс құмға көшеміз. Әсіресе,тау бөктеріндегі қып-қызыл бүлдірген, қарағай мен шырша, жабайы алма ағаштары дүниенің ғажабы ғой. «Жұлдыздар мұнда тым жақын» деуім де содан, жайлаудың түнінде жұлдыздар тура қолыңа ілінетін сияқты жарқырап тұрады. Шопандардың кеудесіндегі алтын жұлдызды да соған ұқсаттық. Жастық ­пафос та бар шығар енді. Сол журналистік зерттеулерден есте қалған бір қызық дерек: Жамбыл облысы Талас ауданынан 56 Социалистік Еңбек Ері шыққан, тіпті осы ауданның бір ауылынан ғана 11 Еңбек Ері Алтын Жұлдызды екен. Ал Талдықорған өңіріндегі Ескелді ауданынан 33 Еңбек Ері шығып, Жетісу жерінің құтына айналғанын қалай айтсаң да жарасады емес пе. Міне, осылай елдің даңқын асырған, жердің көркін кіргізген дала ерлерімен, ғұлама ғалымдармен емен-жарқын әңгімелесу, дидарласу бақытына жол ашқан, талай қаламгерді қатарға қосқан «Лениншіл жаста» қызмет істеген 11 жыл мен үшін ысылған, өмірге нық қадам басқан, журналист болып қалыптасқан кезім болды деп есептеймін. – Заман ауысты, журналистикаға да жаңа толқын келді. Жастар газетінде шың­дал­ған кәнігі тілші ретінде қазіргі журналистикаға көңіліңіз тола ма? – Қазіргі баспасөз негізінен ақпарат беруге ойысып барады. Әрине, біздің тұсымызда да жаңалықты жеткізу, дәл беру бірінші орында болды. Дегенмен, ол кезде де ақпарат беруден гөрі әрбір материалмен, жазған дүниемізбен ой қозғауға, мәселе көтеруге тырысатын едік. Әлі есімде, Сейітқазы Досымовтың «Ойымызда түк жоқ» деген студенттер ­туралы мақаласы шықты. Әке-шешесі ақша салады, әйтеуір оқып жүр, ал «ертең кім болам, қандай білім алып жатырмын» деген ой көбінде жоқ деген мәселе ғой. Міне, біз солай жаздық. Ал енді қазір ақпарат басым дейтінім, сан қуу, жалаң деректерді тізбелеу көп. Арзан сенсация қуушылық, адамға жат көріністерді жазып жіберіп, бір сәт қана назар аударту жиі кездеседі. Кейде адамның жан-дүниесіне дендеп, жастарға тәрбие беретіндей, ой салатындай көсілтіп жазуға, мүмкін қазіргі заман басқа шығар деп те ойлаймын. Соны оқитын адамдар да азайып бара жатқандай. Ғылым мен техника шарықтап дамуда, көсілген дүниені оқитын уақыттары да жоқ. Дегенмен, кейбір басылымдардан адамның жүрегін бүлк еткізетін нәрселерді де оқып қаламын. – Газет жұмысынан ауылы алыс емес баспагерлікке қалай келдіңіз? – Баспа саласының газеттен көп ерекшелігі бар. Кітапты баспаға дайындау, редакциялау газеттегі мақала дайындаудан әлдеқайда басқаша. Ол кезде қазіргідей қаптаған баспа жоқ, мемлекеттік ­6 бас­па – «Қайнар», «Мектеп», «Жазушы», «Қазақстан», «Білім», «Ана тілі» бар. Шығаратын кітабыңды жоғары жақ бекітеді, ол тақырыбына да әсер ететін. Саясатқа қарай көркем дүниелерді кесіп тастайды. Соның ішінде талай талантты жастың кітабы шықпай қалғаны да бар. Қазір қарасам, баспада бас редактордың орынбасары, директордың орынбасары, директор болып жүріп есеп-қисапқа мүлде араласпаппын. Өйткені бәрін жоғарыдан бөлетін мемлекеттік жоспарлау деген бар, штат санын, айлықты, кітап пен қағазыңды, бәрін белгілеп береді. – Сол кездегі кітаптардың сапалы болуы неден? – Бірінші кезекте редакциялық кеңес, редколлегия деген болды, оның құрамына міндетті түрде білімді, білікті мамандарды шақырып, әрбір кітап үшін қызылкеңірдек болып айтысып жататын. Ол кезде жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі оқулықтар әлі шықпаған. Соны біз бастадық. Әдеби шығармалар бір басқа да, жаратылыстану ғылымдарын қазақша сөйлету бір басқа. Кейіннен «Мектеп» баспасынан «Ана тілі», «Білім» баспалары бөлініп шықты. Ол да бір қызықты жылдар болды. Полиграфияға келуім де тағдырдың маңдайыма жазып қойғаны сияқты. Баспада жүрген кезімізде өзімізді таза шығармашылықтың адамы санап баспаханаға жолай бермейтінбіз. Содан бір күні баспаханаға топ еттім. 1995 жыл, Талдықорған мен Алматы облыстары бірігіп жатқан кез. Бір күні жоғарыда айтып кеткенімдей, министр ­Алтынбек Сәрсенбаев Алматы облыстық полиграфиялық-өндірістік бірлестігінің бас директоры боласыз деп қаулы шығарды. «Баспаханада өндірісті жүргізетін қазақ мамандар аз, соны жолға қою үшін сіз баруыңыз керек» деген уәж айтты. Расында да, бұл салада қазақ ­маманы жоққа тән екен. – Полиграфия саласы кітап саудасы, әдебиет, оқырман сияқты салалар­мен тығыз байланысты екені белгілі. Демек, осы саланың жағдайына қарап, елдегі әдеби, мәдени ахуалға баға беруге болады. Баспахананың өндірістік құрал-жаб­дық­тармен, шикізатпен, қажетті материалдармен қамтылуы қалай? – Бұрын Кеңес одағы кезінде бар­лық сала реттеліп қоятын. Ал 1995 жылдан кейін бұл салада біраз тоқырау белең алғаны рас. Айталық, бір кітапты басып шығару үшін 48 элемент керек, жіп, бояу, қағаз, т.с.с. Әлі күнге дейін соның бірде- біреуі Қазақстанда шықпайды. Ресей­ден, батыс елдерінен тасимыз. Қызылордада картон, қағаз шығаратын зауыт ашыла салып жабылды. Талдықорғанда са­баннан қағаз шығарамыз деп бастап еді, оның да аяғы құрдым болды. Мына Қаскелеңде «Қазақстан қағазы» деген зауыт ашылды деп қуанып едік, енді басшылары қашып жүр деп естиміз. «Қазаншының еркі бар» дегендей, қағаз бен бояуға Ресей қалаған бағасын қояды. Жыл сайын бағаны өсіреді де отырады, біздің есебімізден күн көріп жатыр десек артық айтқандық емес. Бұл кітаптың өзіндік құнының қымбаттауына әкеп соғады. Осыдан барып біздің авторлар кітаптарын шетелден шығаратын болды. Оларда бояу өзінікі болған соң, кітап та арзан. Ал бізде өндірістік құрал-жабдық жеткілікті болғанмен материалдар қымбат. Газеттің қағазын да Ресейден аламыз. Оларда қағаз шығаратын зауыт көп. Ал Қытайдың қағазы жарамайды, форматы келмейді. – Баспахананың құрал-жабдығы мен материалдары өнімнің сапасына әсер ететіні белгілі. Бұл жағын қалай үйлестіресіздер? – Баспахана жұмысының өз ерекше­лігі бар. Мәселен, сурет сапалы шығуы үшін өңдеу керек. Қызыл бояуын азайту, көгін көбейту дегендей ұсақ-түйегі жетерлік. 14 түрлі бояудан 4 түс шығады. Ол бет қаттаушыға да байланысты. «Лениншіл жаста» істеген кезде ретушь деген болатын, бәрін қолмен түзеп, жөндейтін. Ал қазір барлығы компьютерге бағынған кез. Мұнда, әрине, бәрі маманың кәсіби біліктілігіне байланысты екені рас. Қазір жаңа технологиялар баспа­ханаларға да келді. Бұрынғыдай пластинаны шығармай-ақ, бірден компьютерге жөнелтеді. Осы орайда есіме түсіп отыр, 1995 жылы баспаханаға келгеннен кейін алдымен есеп-қисапты үйренуіме тура келді. Баспада дүркіреп жүрген жерімнен бұл жерге келу бастапқыда қиын болғаны рас. Мекеменің ғимараты да жатаған бір там екен. «Үш күннен кейін көрге де үйренеді» дегендей, ойланып бір шешімге келдім. Үйім де жақын жерде болатын. Қызық болғанда, мен Алматыға келгелі осы маңайды шиырлап жүрген екенмін. Студент кезімде осында пәтерде тұрдым, жұбайыммен де осы маңда таныстым, «Лениншіл жас» газеті де пәтерді осы жерден берді. Содан тағдыр мені тегін жетелемеген шығар деген ойға келдім. Бір жағынан уайымдадым. Себебі баспахана басшыларының бәрі 2-3 жылдан кейін бюроға түсіп орнынан босап жататын. Өндіріс қой енді. Енді не де болса басыма түскенді көрейін деп, осы ғимараттың табалдырығын аттадым. Жұмысшылардың бәрі жалақысыз отыр, мекеме қарыз боп қалған. Бірақ жұмыс қызу жүріп жатады. Тапсырыс көп, ақша жоқ. Есепшіден сұрасам, бәрі дұрыс дейді. Машина қағаз әкеледі 15 тонна деп, мен оған 3-ақ тонна сияды ғой деймін. Сөйтсем бұрыннан қалыптасқан жүйемен өсіріп жазады екен, содан есеп-қисапқа өзім араласуға тура келді. Түнімен жүріп, қағазды сызғышпен өлшеп жүріп салыстырам. Соның пайдасы тиді, көп нәрсенің беті ашылды. Сең сияқты қатып қалған жүйені бұзып, ретке келтірдік. Жаманатты да болдық. Бір жылдан кейін мекемеміздің жағдайы түзелді, елге айлық беретін болдық. – «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясы сол кезде құрылды ма? – Сол 1995 жылы мен өндірістік базаны басқаша құрам деген ойымды басшылыққа жеткіздім. «Алатау баспа-полиграфиялық корпорациясы» деген атау бердік, мұнда баспа да, баспахана да бар. Қағазды Ресейден делдалсыз, тікелей жеткізетін болдық. 2000 жылы жекешелендіру басталғанда бұл мекеме де сатуға қойылды. Бірнеше адам ғимарат құлайын деп тұрғасын жаратпай кетті. Баяғыда атқора болған екен, қазған кезде тағалар шықты. Содан көп жылғы еңбегіміздің арқасында өзімізге бұйырды. Үндістаннан газет басатын арнайы жабдық алдырдық. Кейіннен «Жас өркен» ЖШС-нің пре­зиденті Ахат Жақсыбаев ағамыз газетті түрлі-түсті етіп шығарайық деп, алғаш рет жаңа форматқа көштік. Қажетті құрал-жабдықтарды алдық. – Баспаханалар арасындағы бәсеке­лестік қалай? – 1995-2000 жылдардағы қиын ке­зеңде нарықта біз ғана қалдық. Содан түскен қаржыны тиімді жұмсап, Талдықорғандағы, Алматыдағы баспа­ханаларға жабдық алынды. 2005 жылдан кейін баспаханалар көптеп құрыла бастады. Бәсекелестіктің дәуірлегені соншалық, әріптестеріміз қызмет көрсетуді арзандатуға, сапаны көтеруге тырысты. Енді, міне, соңғы 2-3 жылда Ресейден келетін шикізат бағасының өсуіне шыдамай баспаханалар жабылып жатыр. Біз бұрын 100 пайыз пайдаға жұмыс істесек, ал қазір газеттің өз құнын ғана шығарамыз. Баспаханалардың жағдайы жақсы деп айту қиын. Тығырықтан шығудың жолы тек қағазды, бояуды өзімізде шығару. Қағазды тек ағаштан емес, сабаннан да жасауға болады. Бізде не көп – сабан көп. Күріштің сабанынан жақсы қағаз шығады. – Сіздің алғашқы туынды­ларыңыз­дан бастап, газет беттерінде жарық көрген ойтолғам, очерктеріңізден туған жерге деген ерекше сүйіспеншілікті аңғарамыз. Оған қоса бүгінгі күні еліміздегі рухани жаңғыру аясында туған жерді түлету, ел мен жерді көгерту мәселесіне көңіл бөлініп отыр. Сіздің өміріңізде туған мекеніңіз қандай орын алатыны жөнінде айтсаңыз. – Елбасының рухани жаңғыру, сананы өзгерту жайлы бастамасы дер кезінде туғаны анық. Өзім Жетісу жерінде, Талдықорған қаласының жанындағы Еркін деген ауылда туып-өстім. Алғаш сондағы «Жетісу шұғыласы» атты аудандық газетте жұмыс істедім. Бүгінгі күні менің жүзімді ашып, кеудемді көтеріп айта алатын бір ақиқат бар. Кезінде жекешелендіруге түскен нысанның 99 пайызын сатып алған меншік иелері сауда-саттыққа бейімделіп кетті. Ал енді сол меншікті мекеменің қызметін тоқтатпай, ары қарай жалғастырған, өркендеткен адамның бірі менмін деп мақтана аламын. Алматыда да сол кәсіпті дамытуға күш салдым. Ал енді туған жерге бүйрегім көбірек бұрып тұратыны рас. Сол кездегі облыс әкімі Шалбай Құлмаханов шақырып алып, «Осы ауылдың түлегісіз ғой.Елдің басты рухани азығы – газет пен журнал, театр, теледидар, соны жолға қояйық» деген кезде қолдау білдірген едім. Ескі баспахананы жөндеуден өткізіп, ауылдағылар үшін жұмыс орнын аштық. Бұл іске бел шешіп кірісіп кеткеніміз соншалық, арнайы маман шақыртып, ауылда жүрген тракторшы, моторист жігіттерден білдей маман тәрбиеледік. С.Үмбетов әкім болған тұста өңіріміздің айрықша рухани жаңғырған тұсы болды. Қоғамдық жұмысқа араласып, «Үш бәйтерек» қорын құрдық. Аймағымыздағы атақты Ескелді, Балпық, Қабылиса билерге арнап зәулім ескертіш орнатылды. Жарықтық бұл кісілер Қазақ хандығы тұсында Сыр бойынан бүкіл бір әулетті ­бастап Қараталдың бойына қоныстандырып, елге еңбек сіңірген тұлғалар ғой. Қадырғали Жалайри бабамызға, Қабанбай батырға ескерткіш қойдық. Бұл шараның барлығына ­баспа корпорациямыз тікелей атсалысып, қаржылай қолдау жасады. «Туған жерге туың тік» деген ғой, қазір облыстағы баспаханада 80-дей адам жұмыс істейді, екі облыстық, бірнеше аудандық газеттер басылады. Ондағы жұмысшылардың жағдайы, айлық алуы, қысқарып қалмауы ұдайы назарымда. Талдықорғандағы баспахананы көтерудің тағы бір себебі, басылымдардан түсетін қаржы сол жергілікті жердің бюджетінде қалуы керек. Сол сияқты ертең латын әліпбиіне көшсек, тағы да жаңа жұмыс орындары ашылуы әбден мүмкін. – Жазушы қауымы қоғамда болып жатқан өзгерістерде бей-жай қарай алмайтынын білеміз. Осы ретте қазіргі тіл мәселесіне көзқарасыңыз қалай? – Ана тіліміз біздің бүкіл ағзамыздағы қан тамырымыз ғой. Алдымен өз ана тіліңді жетік меңгеріп алмай, басқа тілге көшіп кету қиын-ақ. Бір жылдары ана тіліне деген зәрулік, бір-бірімен қазақша сөйлесу үрдісі жақсы қалыптасып келе жатыр еді, қазір сол саябырсып қалғандай. Бұны қалай түзеу керек, білмеймін. Өз басым тәуелсіздігіміз болмаса, тіліміздің мәртебесі көтерілмесе бұл дәрежеге жете алмас едім. Қазақ тілінің өрісі кеңеюіне бір кісідей атсалысып келе жатқан адаммын. «Ана тілі» баспасы құрылған кезде оның өркендеуіне, дамуына бел шеше кіріскендердің бірімін. Айтулы тұлғалардың еңбектерін қолжазба күйінде дайындатып, кітап етіп шығардық. «Ана тілі» газетінің алғашқы санынан бастап жарыққа шығуына үлес қосып келеміз. Ақ-қара түстен қазіргі түрлі-түсті күйде уақтылы жарыққа шығуына атсалысу да бір парызымыз деп білемін. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс­пен шығатын кітаптардың тиражы өсейін деп отыр, енді тек мәдениетіміз бен әде­бие­тіміздің нағыз құндылықтарын, ұмы­ты­лып бара жатқан дүниелерімізге мән бер­сек дұрыс болар еді. Міне, сондай ­ма­за­­лаған ойларды жоғары жаққа айтып та жүрмін. – Қазір не жазып жүрсіз? – Шынымды айтсам, дәл қазір ешнәрсе оқуға да, жазуға да мұршам болып жүрген жоқ. Бірақ ойда көп дүниелер бар. Алдыңғы жылдары «Алпыстағы алма ағаш» деген кітап шығардым, содан таныс жігіттер жетпісіңізде не жазасыз дейді. «Жетпістегі жиде ағашы», «Сексендегі сексеуіл», «Тоқсандағы тобылғы» деп кете бермей ме» деп күлемін. Әрине, қалам ұстаған соң жазудың қалып бара жатқанына өкінемін де. Соның орнын толтыру керек, жазатын кез енді келген сияқты. Малшының баласы болған соң елдің, жердің табиғаты, адамдармен араласқан кездерім әлі есімнен кетпейді. Қысқасы, жазар дүние көп, аман­шылық болса, жазу жағына дендеп кіріспекпін. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дина ИМАМБАЕВА

1211 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз