Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 15 Маусым, 2017

«Гитарам-жан серігім»

Қазақтың өнер әлемінде гитарамен ән шырқап, жүрек қылын шертетін әншілердің есімдерін өнерсүйер қауым жақсы біледі десек, артық айтпаған болар едік. Солардың қатарында Есенбай Құлиевтің өзіндік дара жолы бар екені анық. Өнер иесінің әртүрлі кездесулерде гитараны ән ырқына көндіріп, көптің қошеметіне бөленіп жүргенін де көріп жүрміз. Дарынды композитор, бірнеше байқаулардың лауреаты атақтарын иемденді. Реті келіп тұрғанда Фариза апамыз айтпақшы, «Осы жердегі бір талантты баланың» өнері мен өміріне бойлап көрмекпіз. Бүгін соның сәті түскендей.

Фариза Оңғарсынова өңірімізде өткен өз кешінде былай деген еді: «Осы жерде бір талантты бала бар, аты Есенбай деген. Өзінің ән шығаратын, кітап оқитын қасиеті бар. Сондай талантты». Есенбай Құлиевқа ақын апамыз ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы да игі тілегін білдірген. Есенбай Ізтөреұлы 1976 жылы қазіргі Атырау облысының Қызыл­қоға ауданы Сағыз ауылында дүниеге келді. Сол жердегі орта мектепті бітірді. 1997 жылы Маңғыстауға ат басын бұрды. «Қайнар» университетін, Каспий мемлекеттік инжиниринг және технологиялар университетін тәмамдады. 2007 жылы «Жалғыз жиде» атты ән дискісі мен кітабы өнерсүйер қауымға жол тартты. Ол жалпы 50-ге жуық әннің авторы. Т.Досымовтың әндерін гитарада өз деңгейінде ­насихаттап жүрген бірден-бір шәкірті. Осындай еңбектерінің арқасында екі рет Елбасының Алғыс хатымен, Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл, Маңғыстау облысының 40 жылдығы медалдарымен марапаттал­ған. Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі. 2015 жылы Президент стипендиясының иегері атанды. Мұндай жетістіктерге жету жолын өзінен сұрап көрдік. – Сіз мемлекеттік қызметкер әрі өнер адамысыз. Екеуін қатар алып жүру қиын емес пе? – Кезінде осыған ұқсас сауал Әбіш ағаға да қойылған. Саясат пен жазушылық қалай үйлеседі дегенде, ол кісі жазушы әуелден саясаткер болып туады деген екен. Жазушы болу үшін де үлкен саясаткерлік қасиет керек. Сол сияқты өнер мен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрудің де өз ерекшелігі бар. Өнердің адамзатты отансүйгіштікке, бейбітшілікке, жанашырлыққа тәрбиелеуде септігі зор. Ал егер мемлекеттік қызметші оның иесі болса, онда нұр үстіне нұр. Жақсы ән қашанда жан азығы. Жабырқағанда рухани демеп, адамды жігерлендіруге, алға жетелеуге ықпал етеді. Кейде өнерге тәнті жас­тар «сіз сияқты қос саланы қатар алып жүргіміз келеді» деп жатады. Еңбектенген адамға бәрі де болады. Жігітке жетпіс өнер де аз. «Өнерді үйрен де жирен» дейтіні содан. – Әбіш аға деп қалдыңыз. Ол кісі сіз туралы жақсы ой айтып, кітабыңызға пікір білдіріпті... – Ән орындағанымды тәуір көре ме, Әбіш Кекілбайұлын қонақ қылған ел ағалары мені де шақыратын. Ағамыз әндерімді ынтамен тыңдайтын. Есенғали Раушановтың сөзіне жазған «Жалғыз жиде», «Есентай өзені», Светқали Нұржанның өлеңіне жа­зылған әуендерді ұнататын. «Жалғыз жидені» орындап болғанымда «Айналайын, шалдарым туған екен ғой» дегені есімде. Кітабымның кіріспесіне жазған сөзінде анам туған топырақта туыпты, бабаларым басқан топырақты басыпты деуінің өзінде терең мағына жатыр. Ата-бабаларымыз, жалпы Маңғыстауды мекендейтін қазақтар қыста түбекте қыстаса, жазда Жемнен өте Сағызда, әрі қарай Ақтөбе асып жайлауға қоныстанатын. Аналарымыз тарапынан да бөлелігіміз бар еді. Бәйімбеттің, байпақтың қыздары. Егер менде тамшыдай талант болса, сол кісілердің сүтімен де жұққан шығар. Ата-бабаларым да жай кісілер емес. Қалың Маңғыстаудың ғана емес, Алаштың қазанына ас салған Қалнияз, Жұбан, Зәкәрия, Шам, Талпақтардың есімі көпке таныс. Кешегі репрессия құрбаны болған Зәкәрия атамыз аты белгілі жырау-жыршы. Артында керемет жырлары қалған. Ыбырай Ахунның «Алтынды орда қонған жер» кітабында: «Ай мүйізді қошқардай, Қуғанын алған құбарлан, Адайда байлық өткен жоқ, Қалнияз бен Жұбаннан» деп олардың бай-бақуатты болғанын жыр етеді. 20 мың жылқы біткен екен. Көшіп келе жатқанда сауынға мұқтажға сауынын, шаруа жасаймын дегенге қаржы беріп, қарайласып кетеді екен. Олар туралы көлемді жырлар Сәттіғұлдың, Сүгірдің шы­ғармаларында да кездеседі. – Еліміздің алғашқы бард ақыны, әнші Табылды Досымовпен таныстығыңыз туралы айтсаңыз? – Табылды Досымов ағам Жұмабаймен бірге оқығандықтан үйде жиі қонақ болатын. Мені «Есенбайжан!» деп еркелетті. Келген сайын жаңа шыққан шығармасын өз қолымен жазып беріп, үйретіп кететін. Сол кісінің ықпалы көп тиді. Сондықтан да халық соның тікелей шәкірті деп біледі. Кейде Табылдың терең әндерін түсіне алмай, жеңіл жағынан айтуды жөн көретін әншілерді байқайсың. Міне, соларға бағдар болсын, Т.Досымовтың өнерін өзгелер де өз биігінде үйренсін деген ниетпен өзі орындап, үнтаспаға түсіріп үлгермеген әндерімен қосып, дискісін шығардым. Өйткені «Етікші болсам да, жаман етікші болмас едім» дегендей, тау тұлғалы Табыл да қай қырынан қарасаң да сан қырлы дарын иесі болды. Әрине, өнер алдымен Құдайдың сыйы. Соған қоса мен оны өмірден үйрендім. Өзімді жетілдіруге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Өтежан Нұрғалиев, Есенғали Раушанов, ­Сабыр Адай, Светқали Нұржанның шығармаларының септігі көп болды. Сондай жандарға қарап бой мен сөз түзеп өстік. – Өнерді өмірден үйрендім дедіңіз, байқасақ оқыған бағытыңыз да бөлек. Кәсіби білім алуға қызықпадыңыз ба, әлде... – Мен ауылда тудым. Мал шаруасымен айналысқан жанұяның 10 баласының кенжесі болдым. Анам үйдің көлеңкесінде отырып, «Ауыл кеші көңілді» кітабынан «Дедім ай-ау», «Ләйлім шырақ» әндерін орындап отыратын еді. Әкем Ленин атындағы совхозда жұмыс істеді. Ән, күйден сабақ алып, музыка мамандығын оқы­ғым келмеді дей алмаймын. Өмір жолы солай шығар, Ақ­тау­дағы ағам­ның түрткі болуымен басқа мамандық бойынша оқудың сәті түсті. Өнерде белгілі бір орын табу үшін міндетті түрді музыкалық білім керек деп айта алмаймын. Бұл өзі бір құдірет. Кешегі Қашаған, Сәттіғұл, Құр­ман­ғазылар да консерватория көр­мей-ақ қандай биікке жетті. Мен де өздігімнен оқып, үйрендім. Менің өнерпаз болуыма туған ағам Жұмабайдың мол әсері тиді. Көркем әдебиетке құштарлығым артты. Ағаларым да гитара шертетін. Естігенімді қағып алып, үйреніп алатынмын. Ол уақытта гитараны табу да мұң. Алда-жалда аспапты таба қалсам, саусақтарымның талғанына да қарамадым. Университет кітапханасынан В.Суханов­тың «Алты ішекті гитараны үйрену құралы» кітабының бар екенін көріп, соны іздеп жүріп сатып алғанмын. Студентпін. Жатақханада тұрамын. Сенімді серіктерім – гитара, синтезатор, кітап. Күні-түні дайындаламын, «Мәжнүн тал», «Жалғыз жиде» әндері сол кездері шықты. – Алғашқы әніңіз қалай туып еді? – Ол кезде «Лениншіл жас» газеті, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын көп оқимыз. Баспасөз бетінен Гүлсім Назарымбетова деген қыздың «Сүйдім жалғыз өзіңді» атты өлеңі ұнап қалды. Қиып алдым. Бозбаламын, шабыт келіп ән болып шықты. Қазір ­«Наурыз» тобының жігіттері айтып жүр. Жақсы ән шығару оңай шаруа емес. Дайын өлеңге де ән жаздым ­немесе әуенін бұрын шығарсам ақындарға арнайы сөз жазғызып аламын. – Жылдар жылжып жатыр. Өткен күндеріңізге ой көзімен қарасаңыз өкінетін сәттеріңіз бола ма? – Биыл жұртшылыққа есеп ретінде шығармашылық концертімді бергелі отырмын. Үлкен ағаларымыз, әсіресе жастар ән кешін өткізіңіз деп жиі қолқалайды. Ал, жалпы, өткенге өкініш әр адамда болады. Мені мазалайтыны уақытты тиімді жұмсай алмадым-ау деген өкініш. Жалпы тағдырыма ризамын. Жаратқан маған осындай ғұмыр, өнер сыйлады. Тыңдарман талғамынан шығатын әуезді ән шығаруға композиторлық қасиеттен бөлек, жан-жақты білім қажет. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен ­жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали жырлағандай, ән-әуендерім халықтық музыкадан нәр алып, өмірге келеді. Сазгерлігім – бойымдағы қа­сиетім шығар. Дегенмен, жақсы әннің дү­ниеге келуі шалқар шабытқа тікелей байланысты дер едім. – Әңгімеңізге рақмет!

Шахида Жұман Маңғыстау облысы

1374 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз