Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Шілде, 2017

АЛЫП АСЫҚ 50 мың асықтан жасалды

«Атадан жақсы ұл туса елінің оңы болады. Атадан жаман ұл туса, көшінің соңы болады» деген екен Қазыбек би. Елінің жоғын жоқтап, барын әспеттеуге барынша күш-жігерін аямай, еңбек етіп жүрген жандарды көргенде сыртынан риза болып, осындай азаматтардың қатары көп болса ғой дейсің. Болат ТАҒАБАЙ сондай ел құрметіне бөленген, аймағына қадірлі жанның бірі. Жастайынан ұлттық өнеріміздің жауһарларына сүйсініп өскен азамат бабалар мұрасын танып-білуге үлес қосып келеді. Қазақтың ұлттық ойындарының бірі асық ату болса, ­Болат мырза сол асықты бір-бірлеп жинап, торлап тоқып, алып сандықтың үстіне қондырды. Бұл еңбегі Халықаралық Гиннестер рекорды кітабына еніп отыр. ­Жуырда ұлттық өнеріміздің жанашырымен жүздесіп, алып асықты жасауға не түрткі болғаны жайында әңгімелескен едік.

– Бөке, киіз үйдің жартысындай алып асықты тоқып, оны сандықтың үстінде отырғызу қаншама ісмерлікті, ептілікті, шеберлікті талап ететін қол еңбегінің жемісі екені айтпаса да түсінікті. Қазақ үшін құнды істі тәмамдап, ел игілігіне тарту еттіңіз. Осындай алып асықты жасау туралы ой қалай келді? – 2001 жылы Көкпектінің жазығында бой көтерген әулие бабамыз Ырғызбай Досқанаұлының басына көшіп келген болатынмын. Ырғызбай бабамыз Құнанбайды шешектен емдеп жазған аймаққа әйгілі әулие, емші адам болған. Менің әкем, Ұлы Отан соғысының ардагері Құнанбай Тағабаев 1986 жылы алғаш атаның кесенесінің тасын көтерген екен. Содан кейін мен көшіп келіп, атаның басын жаңғыртуға кіріскен жайым бар. Қазіргі күні осы жерде кесенеден өзге мешіт, құнды кітапхана, қола дәуірінен ­бастау алатын 700-ден астам жәдігер қойылған ­музей жұмыс істейді. Бүгінде бұл жерге атаның басына зиярат етіп келушілердің саны көп. Олар міндетті түрде бір қойларын өңгеріп келіп, құрбан шалып жатады. Бірде жаңа сойылған қойдың асықтарына қарап тұрып, «Мына асықтарды бекерден-бекер лақтырып тастамай, жинай берсе бір кәдеге жарар еді ғой» деген ойға кеткенім бар. Содан бір қорапты алдымда соған ақырындап тастай бердім. Бір күні қарасам 200-дей асық жиналыпты. Енді анамның сандығына жинай бастадым. Сол кезде ұлттық өнеріміз алшысынан тұрған алып асықтай бір бұйымды ЭКСПО-ға қойып, қазағымның мәртебесін бір көтерсем деген ой қылаң берген еді. – Әулие атаның басында құрбан шалған мал асықтарының саны жетпей қалуы мүмкін ғой. Қосымша көмек қайдан келді? – Рас айтасыз. Мен аудандағы білім басқар­масының басшысына барып мән-жайды түсіндіріп, мектептердегі оқушылардың көмегі қажет екендігін айттым. Ауылда бауырларымның дүкені бар еді, сол дүкенге асық жинап әкеліп берген балаларға ақысын төлеп, жинадық. Ақсуат, Зайсан ­аудандары 10 мың асықтан, Көкпекті ауданы 5 мың, Аягөз ауданы Тарбағатай мектебінің директоры Әсет Құдайбергенов 5 мың асық әкеліп берді. Осылайша 100 мың асық ­жиналды. Мен сол асықтарды 6 ай бойы дайындадым. – Гиннес кітабына әлемде ерекше бір жаңалық ашқан жандар ғана ене алады. Сондай танымал кітаптың төрінен алып асықтың орын алуы Алаш жұрты үшін зор қуаныш болғаны анық. Енді сол әйгілі кітаптың талаптарын қалай орындағаныңыз жайлы сөз етсеңіз? – Астанаға Гиннес кітабына енгізу ­туралы өтініш жазып жіберген болатынбыз. Екі айдан соң бізге негізгі талаптары келіп жетті. Содан сапалы фото-видеобейнелер мен жиналған асық санын нотариус арқылы заңдастыру, сараптамадан өткізу деген талаптарын орындап жөнелттік. Тағы екі ай өткеннен кейін Мәскеуден «35 мың асық жинаған Тағабай Болатқа» деген маңдайында ағып бара жатқан жұлдыздың белгісі бар сертификат қолымызға тиді. Алтын мөрлі жұлдыз бұл еңбек әлемде жалғыз дегенді білдіреді екен. Бұл менің ғана емес, қазақ елінің мәртебесін асырған сүйінші хабар болғаны сөзсіз. Осыдан шабыт алған мен бұл іске белсене кірісе бастадым. – Енді сол асықтарды өңдеп, торлап тоқу технологиясы туралы айтсаңыз? – Иә, асықтарды жинау барда оны тазалап тоқу оңайға түспегені рас. Үлкен тайқазанға 500 асықтан толтырып салып, 2-3 күн қайнаттық. Сонда асықта бір түйір ет қалмай тазаланады. Содан кейін асықтар иісі аңқыған қоспалармен тағы бір жуылады. Асықтарды мұқият құрғатып кептіру керек. Бір жұма өткеннен кейін асықта ешқандай иіс қалмай нағыз өз қалпына енеді. Ол асықтарды оңқай, солақай, шікімайларын іріктеп сараптаймыз. Шікімайы қозы-лақтардың асығы ғой. Содан соң кезек асықтардың есебін шығаруға келеді. Асықтың есебін шығаруда Ақсуат ауданы «Жанікей» ауылы орта мектебінің оқушылары мен ­Болат Боранжанов деген азаматтың еңбектері ерен болды. «Жалғыздың ісі өнбес» демекші, осындай жоталы істі жалғыз жасап бітіру маған оңай соқпасы белгілі жайт. Сондықтан асықтарды тоқып торлау жұмысында Мұхит Әшімов, талдықорғандық Серік досым, Көкпекті ауданынан Ерзат қажы, Ақсуаттан Кенжебек Шыныбаев, мешітіміздің молдасы Алтыбек Байсеңгіровтің көмегі көп болғанын атап айтқым келеді. Алып асықтың ішінде 4 бірдей жарық орнатылған. Жарық түскенде олар бір түспен жанып тұрады. – Алшысынан тұрған алып асық пен сандық нені білдіреді? – Қазағымның Мәңгілік ел ретінде асығы әрдайым алшысынан түссе екендеген ой бұл. Тағы бір айта кетерлігі, бет жағында тұрған барлық асық алшысынан орналасқан. «Өнердің екі жағы бар, пішіні – техника да, мазмұны – ой» деп, орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой айтқан ғой. Осы алшысынан тұрған алып асық пен сандық көрушіге ой тастап жатса басты мақсатымыздың орындалғаны дер едім. Ал асықты өріп тоқыған кезде әрбір асықты 2 тесіктен тесіп отырып, 100 мың тесікті қол бұрғымен иненің көзіндей жасудан өткіздік. Осы алып туындыға 50 мың асық, яғни 20 отар қойдың асығы қажет болған екен. Ал алып асықтың көлемі жайлы айтар болсақ, биіктігі 3,5 м, ұзындығы 4 м болса, ені 3 м құрайды. Бұл, әрине, астындағы тұғырымен бірге алғандағы пішіні. Астындағы сандық тұғыр да ұлттық дәстүрлі бұйымымыздың бірі. Сондықтан екі бірдей ұлттық жауһарымыз бір-біріне үйлесіп, бірін-бірі толықтырып тұрғаны анық. – Барлық ізгі бастамаларыңыз Ырғызбай әулиенің басына көшіп келгеннен кейін жемісін бере бастаған екен. Ел арасында Ырғызбай Досқанаұлының әулиелігімен қоса емшілік қасиеті көп айтылады. – Ырғызбай бабамыз 1787 жылы туып, 1850 жылы 63 жасында қайтыс болған екен. Ол кісінің «Мені Көмісті жайлауының Құла белінде жерлеңдер. Зиратымды ұрпақтарым көтереді. Сендер әуре болмаңдар» деген өсиеті бар. Расымен де солай болды. 1925 жылы ұрпағы Шыныбай ақсақалдың түсіне кіріп, «Ей, менің бейітімнің басында қозы-лақтар ойнап жүр, зиратымды көтер» деп айтқан екен. 1956 ұрпақтары зиратын көтереді. 1966 жылы тағы жаңартады. Ал 1986 жылы менің әкем Құнанбай Тағабаев тасын қойса, 1990 жылы өңір халқы ақ кірпіштен кесенесін тұрғызады. Ол кісінің емшілігі туралы халық арасында көптеген аңыз-әңгімелер бар. Соның бірі Абайдың әкесі Құнанбай қажыны емдеуі екен. Құнанбай шешек ауруынан қиналып өлім аузында жатқанда: – Ырзакеңнің қолы шипалы еді, мені бір жазса Ырғызбай жазады, – деп қос ат жібереді. Сонда Ырғызбай әулие Құнанбайдың ауырып жатқанын алдын ала біліп, емдік шөбін әзірлей бастаған екен.Сөйтіп, Құнанбайды кеселінен құлантаза емдеп жазыпты. Ырғызбай әулиенің тағы бір қасиеті – науқастардан ешқандай ақы алмай өтіпті. Жарықтық Тарбағатай тауларын жаяу кезіп жүріп, 100 түрлі шөптің түрінен жасаған дәрілері ішкі жараларға дейін шипа болған екен. Ол кісі ішкі жара денесін жайлап бара жатқан жандарды алдымен шөп дәрісін беріп, одан кейін жорға атқа мінгізіп қайтатын өзіне тән ерекшелігі болыпты. Сонда ауру жанның ішіндегі жарасы ағып кететін болған. – Ырғызбай ата кесенесінің жанынан музей ашқан екенсіздер. Ондағы қойылған жәдігерлердің арасында аса құндыларын атап өтсеңіз. – Мұнда бір сағат бар. Ол сағаттың тарихы тіпті тереңде жатыр. Баяғыда осы Зайсан өңірінде аты әйгілі Байқадам деген болыс болған. Сол кісінің ел басқарудағы білгір саясатына жоғары баға берген Ресейдің генерал-­губернаторы Думаға арнайы шақырып, қолдан жасалған бағалы сағатты сыйға тартқан екен. Кейін сол Байқадам болыстың ұрпақтары мені іздеп келіп, сол сағатты қайтарып берсең бір автокөлік беретінін айтты. Мен оған келіспедім. Ол бүгін осы музейде тұр. Сонымен қатар біздің музейде Нұғман болыстың алтын жіптен тоқытқан парсы кілемі ілініп тұр. Міне, осындай құнды жәдігерлер музейдің мәртебесін көтеруде. Ресей, Литва, Татарстаннан келген қонақтар музейдің ішін аралап көріп, таң-тамаша қалған болатын. Сондықтан бұл жерде жатқан әрбір тастың да тарихы бар екенін айтқым келеді. – Қасиетті жерде, қасиетті мекенде дүниеге келген тарихи туындыңыздың болашағын қалай елестетесіз? – Қазір осы Ырғызбай әулие атаның басындағы кесене мен музейді тұтастай мемлекет құзырына өткізгелі отырмын. Таяуда Өскеменге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев келмекші. Сол кісі киелі жердің топырағына аяғы тигенде халықтың атынан осы алып асықты тарту еткелі отырмыз. Ондағы мақсатым осындай ұлттық өнерімізді паш ететін ірі туынды Елордада жарқырап, халықтың назарында тұрса деген ой. Шетелден келген қонақтар да қазақтың осындай ұлттық нақыштағы бай өнерін көріп, үлкен әсермен аттанса екен деймін. – Әңгімеңізге рақмет.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ, С.Бердіқұлов сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

2521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз