Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 29 Тамыз, 2018

Талғат Теменов: Кино – мүлдем бөлек ғаламшар

Ол – режиссер, драматург, сценарист, актер. «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Махаббат бекеті», «Көшпенділер» сынды тағы да басқа фильмдерді сыйлаған талант. Қазақстанның халық артисі, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовпен кино және қоғам туралы аз-кем әңгіме өрбіттік...

– Осыдан төрт жыл бұрын берген сұхбатыңызда қолыңызда «Томирис» және «Зарина патшайым» деген екі киносценарий тұрғанын, қаражат мәселесі шешілсе, бүгін-ақ түсіруге әзір екеніңізді айтып едіңіз. Ал қазір Томирис туралы фильмді Ақан Сатаев түсіріп жатқанын білеміз. Сценарий авторлары: Әлия ­Назарбаева мен ­Тимур Жақсылықов. Сіз өзіңіздің дайын нұсқаңызды ұсынбадыңыз ба? – Томирис туралы фильм түсірілгелі жатқаны туралы естігенде-ақ Ақанға өз сценарийімді ұсындым, бірақ сол уақытта олар өздерінің нұсқасын бекітіп қойды ма, әлде соны дұрысырақ деп тапты ма, білмеймін. Пошталарына жіберген сценарийді оқыған-оқымағанынан да хабарсызбын. Ал Зарина патшайым туралы сценарий әлі қолымда. Одан басқа да жарыққа шығу уақытын күтіп жатқан жазбаларым көп. Бәрі қомақты қаражатты талап етеді. Себебі тарихи фильм болғандықтан, атүсті қарауға болмайды. Жалпы туынды қай тақырыпта болса да, сапасына жұмыс істеу керек. Себебі оның ар жағында қазақ киносының деңгейі жатыр. Бірінші қалтаны емес, экранның ар жағындағы көрерменнің мүддесін ойлау керек. – Иә, осы жөнінде «Бүгінде кино түсіру вино ішкеннен де оңай болды» дейсіз. Шынымен де, бүгінде ақшасы бардың бәрі кино түсіруге әуес. Содан да болар, көптеген фильмдердің сапасы, актерлердің ойыны сын көтермейді. Неге бұлай? – Кеңестік кезеңде режиссерлерді тек қана Мәскеудегі ВГИК-те (С.Герасимов атындағы Ресей мемлекеттік кинематография институты – авт.) даярлайтын. Оған 25 жасқа толмаған адамды алмайтын. Себеп: режиссер – жай мамандық емес, оған бет алған адам, ең алдымен, ойшыл тұлға болуы керек. Әлемде болып жатқан барлық жаңалықтардан хабардар ­жазушы, суретші, тарихшы, психолог та болуға міндетті. Яғни бір сөзбен айтқанда, кинорежиссер – әлемдегі бүкіл мамандықтардың жиынтығы. Сол себепті де ВГИК-ке қабылдау тәртібі өте дұрыс деп ойлаймын. Бізде қалай? 16-17 жасар, әлі алды-артын танып үлгермеген өрімдей жас балалар режиссерлікке оқуға түседі. Сол себепті де фильмдердегі диалогтардың деңгейі төмен. Оқиға желісі жасанды. Оған кейіпкерлердің ойынын қосыңыз. Неге бұлай? Себебі қазір түрі бар, білімі жоқ «шала» актерлерді алады. Болмаса, ақшасы бар кез келген адам камера сатып алып, иығына асып алады да, фильм түсіре береді. Ал шындап келгенде, оператор да – бес жыл оқитын оқу-тоқуы бар мамандық. Ол уақытта жарықпен жұмыс істеуді, түс пен жарықтың үйлесімін, композицияны, графиканы – бәрін меңгеруі керек. Адамның арнайы білімі болмаса, сапасыз жылтырақ дүние шығады. Ал «жылтырағанның бәрі алтын емес». Мысалы, бір қалталы адамның ақ халат сатып алып, нейрохирургиялық ота жасағанын елестетіңізші. Талай адамды ажалынан бұрын аттандырып жібермей ме? Өйткені ол саланың маманы емес. Қазіргі «режиссерлердің» жұмысы да сол секілді. Олардыкі – тек ақша табудың жолы. Сосын популяризация, яғни өз-өзін қалай да көпшілікке танымал ету. Бірақ дәл бұлай жер өртеп, ат шығарудың қажеті жоқ. Бізге қазір қоғамды, елді, халықты, тіліңді, діліңді, дініңді ойлайтын, жаны ашитын, осыған жөн сілтемесе де, ең болмаса, диагнозын қойып беретін тұлғалар керек. Су сияқты ғой. Крандағы суды ішсең, дәмі жоқ. Кейбірінен, тіпті ауырып қалуың мүмкін. Ал бұлақтың суы басқа. Жан сарайыңды ашады. Шөлің қанады. Бірақ ол көп емес. Іздеп табу үшін біраз жерді шарлауың керек. Білетін адамдардан жөн сұрау, жол сұрау керек. Ол – Алланың адамға берген сыйы. Біз осындай кәусар бұлақтарға қалай зәру болсақ, таланттарға дәл солай зәруміз. Ал крандағы хлор қосылған судың бізге керегі жоқ. Ол қол жууға, кір жууға ғана жарамды. Қол жуылар, кір жуылар, ал жүректің кірін кім жуады?.. «Көтермесе көңілді кір басады» дейді. Бізге қазір көңілді көтеретін ән емес, көңілді сергітетін ой керек. Бүгінде адамдардың миы бәрін автоматты түрде жасай беретін болды. Ойланып, әр ісіне есеп беретіндер санаулы. Ал адамның жан-жануардан айырмашылығы – оған ақыл, сезім, махаббат берген. Сол себепті де адам күніне төрт сағат өзімен-өзі қалып, ойлануы тиіс. Фейсбукте өткізген минуттар мен инстаграмдағы сағаттар, біреудің киімін, біреудің биін көрсетіп, сөз еткен кімге керек? Қай адам сол инстаграмдағы жалаңаш қыздың кеудесін көріп түзеліп кетіпті? Қай адам содан кейін патриоттығы оянып, әскерге кетіп, шекарада жүр? Қай адам содан кейін ерлікке, өрлікке, адалдыққа, батылдыққа, тазалыққа барып жатыр? Жоқ. Керісінше, «есекті отқа айдасаң, боққа қашады» демекші, мына әлеуметтік желілер адамды тазалыққа емес, былғанышқа сүйрейді. Бұл да – үлкен саясат. Баяғыда империализм деп айтушы еді... Мен көп елді аралаған адаммын. Бір қызығы, қайда барсаң да, алдыңнан «Кока-кола», фастфуд шығады. Адамды жүріп бара жатып тамақ жеуге, жүріп бара жатып телефонға телміруге үйретті. Рухани дағдарысқа ұшыратты. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ, бас­тысы телефоны болса болды. Әйтпесе, 18 миллион халықпыз. Соның көбі ана тілін білмейтін, білсе де, басқа тілде сөйлегенді сән көретін ұрпақ тәрбиелеп жатыр. Неге ақылды, талантты жастар шетел асып кетуде? Мұрат Мөңкеұлының «Еділді тартып алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны – жағаға қолды салғаны» дегені бүгінгі күні шындыққа айналды. Ойсыз режиссерлер осыны ойлауы керек. Кезінде Сәтімжан Санбаевтың «Белое аруана» деген повесінің желісіне түсірілген Виктор Пусурмановтың «Там, где горы белые» деген фильмі болған. Сондағы көтерілген мәселе қандай еді? Түйе екеш түйе де туған еліне қайтып оралатынын көрсетеді. Бізде бүгін шекара ашық деп, сырттан оралмандар келсе де, негізгі генофонд – жастар кететін болса, мұнда кім қалады? Олардың орны ешқашан бос вакуум болып тұрмайды. Басқа мемлекеттерден адамдар келеді. Қазір Иракта, Иранда, Кувейтте, Сирияда соғыс болып жатыр. Қаншама миллиондаған адам өлді, үйсіз-күйсіз қалды. Қаншама сәби жауқазын шағында үзіліп кетті. Аман қалғандары Еуропаға ағылып жатыр. Ертең бізге де келеді. Сонда не болады? Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғаған даламызда әлемнің әр елінен бас сауғалап келген босқындар тұра ма? Болмаса, Қытайдан көшіп келген адамдар тұра ма? Міне, суреткер осыны ойлауы керек. Қазіргі қоғам осындай фильмдерге зәру. Ал бізде әзір бұған бас қатырып жүрген режиссер табылмай тұр. – Соңғы кезде көптеген режиссерлер фильмдерін түрлі фестивальдерге арнап түсіретін болған. Жергілікті көрерменге ұнамаса, «шетелдік менталитетті ескеріп түсірілген» деп жатады. Мысалы, «Әміре» фильмін алайық. Сондағы Әміре, оның шетелдік әйелмен байланысына наразы көрермен осындай жауап алды. Қалай ойлайсыз, фильмді солай шетелдік фестивальге арналған және ел ішіндегі көрерменге арналған деп бөліп түсіруге бола ма? – Жоқ. Кез келген өнер алдымен өз халқына, өз еліне арналуы керек. Кинода «Главный герой – носитель идеи» деген түсінік бар. Яғни басты кейіпкер арқылы сенің не айтқың келгені, неге назар аудартқың келетіні – бәрі көрініп тұрады. Демек, онда ұлттық болмыс, ұлттық менталитет болуы керек. Менталитет дегеніміз – кісілік, кішілік, сұлулық, инабаттылық, нәзіктік, биязылық, тәрбиеліліктің қазаққа ғана тән көрінісі. «Қыз Жібек» фильмінің шыққанына 50 жыл болды. Оны көрермендер неге әлі күнге дейін айтады? Себебі Жібектің бойында қазаққа тән қасиеттер болды: сұлулық, сабырлылық, ғашықтық, қазақ қыздарының ат үстінде шабатын еркекшора мінезі, әділдік... Ал үстіне киген көйлегі қандай әдемі жарасқан! Сол картинада бірде-бір кейіпкер жаман киім кимеген. Себебі оны жаны қазақ, санасы қазақ, қазақтың ұлттық болмыс-бояуын білетін режиссер түсірді. Ал осындай қазаққа тән тақырыптағы фильмдерді сырттан келген режиссер түсірген болса, ондай туындылардан ұлттық болмысты іздеп әуре болмаңыз. Себебі кинода режиссердің көзқарасы, қолтаңбасы көрініп тұрады. «Сен маған досыңды көрсет, мен саған кім екеніңді айтамын» дегендей, картинасын қарап, режиссердің кім екенін бірден аңғаруға болады. Ол қанша жерден дарынды болса да, ұлттық тақырыптағы дүниелерді тек қана ұлттық режиссер түсіруі керек. Ал өзіміздегі сабынның көпіршігіндей режиссерлердің жөні бір басқа, сырттан келгендер бір басқа. Сосын бүгінгі көрерменді, ұрпақты, халықты рухани жаңғыртамыз десек, алдымен телеэкранымызды, содан кейін киноны түзетуіміз керек. Өйткені бүгінгі заман кітап оқымайтын ұрпақтың заманы болды. Бүгінде мың адамнан гаджеті жоқ бір адам кездесуі мүмкін. Ал газеті бар бір адамды мың адамнан таппайсың. Гаджет алдыратындар көп, ал газет алдыратындар аз. Кітап оқымайтын жастар бәрін кинодан көре салғысы келеді. Ал кино деген – мүлдем бөлек ғаламшар. – Жастар демекші, сізді жастардың көбі «Махаббат бекеті» фильмі арқылы таниды. Соңғы кезде сол фильмнің айналасында түсінбеушілік болып жатқанынан хабардармыз... – Бұл туралы айтқым келмейді. Осы шу туралы «Абай» сайты да, «Қазақ үні» де жариялады. Оқып отырғандар бар, әйтеуір. Соған да шүкір дейсің... – Соңғы уақытта шетелге шығып, танымал болып жатқан отандастарымыз көп. Димаш Құдайберген, Самал Исләмова, Назима Жәнібекова... Неге бұлай? Біз талант тани алмайтын ұлтқа айналып барамыз ба? Әлде бұл идеология ма? – Біріншіден, бұл бірінші рет болып отырған жоқ. 1925 жылы Әміре Қашаубаев Париждің төрінде ән салып, әлемді тамсандырды. Одан бөлек Роза Бағланова тілерсегінен қан кешіп, майданда ән салған. Кезінде біздің ақын-жазушыларымыз майдан даласында хат-хабар жазып, журналист болған. Аман-есен оралған қаншама жазушылар соғыс жайын­да кітап, ­роман, повесть жазған. Соғыс кезінде қаншама үлкен-үлкен шығармалар дүниеге келді? Евгений ­Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова... Бір Нұрғиса Тілендиевтің өзі неге тұрады? Олардың бәрі қазақ халқын әлемге танытты. Одан бергі Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Ермек Серкебаев, кешегі ағайынды Рашид пен Мүслім Абдуллиндер, Рахия Қойшыбаева... Амангелдіні ойнаған Елубай Өмірзақов, Шәкен ­Айманов, Қанабек Байсейітов, Қалибек Қуанышбаевтар... Олардың бәрі қазақ халқының сол кездегі жұлдыздары болды, бірақ бірде-біреуі «Мен жұлдызбын» деп айтпаған. Барлығы кісілікпен, кішілікпен абыройлы болды. Дегенмен, сол кезде Кеңес үкіметі республикалардың таланттарын шетелге шығармайтын саясат ұстанды. Бүгін, шүкір, біз таланттарымызды әлемге шығара аламыз. Кезінде Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ағадан «Қазақта қандай мәселелер бар?» деп сұрағанда, ол кісі: «Қайрат» пен «Қазақфильм» деген екен. Яғни спорт пен өнер – халықты әлемге тез танытатын сала. Экономика озық болуы мүмкін, ауыл шаруашылығы жақсы болуы мүмкін, бірақ олар көзге көрінбейді. Мысалы, Америка – әлемдегі ең үлкен держава. Қытай мен Ресей – үлкен империя. Бірақ біз олардың спорты мен өнерінен басқа, етін жеп, сүтін, коласын ішіп жүрміз. Оны Ресейдікі, Қытайдыкі деп жатқанымыз жоқ. Ал өнер мен мәдениет жағынан кім қайдан екенін жатқа білеміз. Жалпы білім мен мәдениеттің адам өмірінде алар орны ерекше. Ол екеуі нашар болған жерде үшінші бір дәстүрлі емес бағыт шығады. Қазір ол – дін. Жастарымыз дәстүрлі емес дінге бет бұрып барады. Сақалдарын өсіріп, шалбарының балағын қысқартқандар артты. Қаншамасы Сирияға кетті. Дін үшін деген желеумен бөтен елдің туының астында жат жерде соғысып, шейіт болуда. Міне, мәселе! Осы тұрғыдан келгенде жұлдыздардың ­шетелде жанғаны – ел үшін де, халық үшін де қуаныш. Бірақ «Мейлі батыр, мейлі ғалым, данасың, бәрібір сен туған жерге баласың» дейді. Қандай жұлдыз болмасын, ертелі-кеш Отаны үшін қызмет етуі керек. Мен Геннадий Головкинді неге сыйлаймын? Өйткені қашан көрсеңіз де қазақтың шапанын киіп, туын көкке көтеріп жүреді. Алғысын қазақша айтады. Оның ұлты қазақ емес шығар, бірақ жүрегі қазақ. Кешегі Денис Тен де сондай болды... Ал ұлты қазақ болып жазылған қаншама қандастарымыз Сирияда қаңғып жүр. Мен үшін олар қазақ емес. Сол себепті білім мен мәдениетті дамытуға қатты көңіл бөлуіміз керек. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді. Шамамыз келгенше талантты табуға, өнеріне жол ашуға тырысамыз. Алты жыл Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ректор болдым. Сол кезде Қазақстанда бұрын-соңды болмаған кино мен телевидениеге қатысты он үш мамандыққа оқытатын кафед­ралар ашып, студент қабылдадық... Сол сияқты әркім қолынан келгенше қоғамды түзетуге атсалысса, тоқтаусыз тамған тамшының тасты жаратынындай, қоғамды жайлаған дерттен де айығармыз.

...Сосын бүгінгі көрерменді, ұрпақты, халықты рухани жаңғыртамыз десек, алдымен телеэкранымызды, содан кейін киноны түзетуіміз керек. Өйткені бүгінгі заман кітап оқымайтын ұрпақтың заманы болды. Бүгінде мың адамнан гаджеті жоқ бір адам кездесуі мүмкін. Ал газеті бар бір адамды мың адамнан таппайсың. Гаджет алдыратындар көп, ал газет алдыратындар аз. Кітап оқымайтын жастар бәрін кинодан көре салғысы келеді. Ал кино деген – мүлдем бөлек ғаламшар.

– «Амангелді» фильмі туралы айтып қалдыңыз. Кинотанушылардың бір тобы тұңғыш ұлттық кино ретінде осы фильмді айтса, марқұм кинотанушы Бауыржан Нөгербек Шәкен Аймановтың «Махаббат туралы аңызынан» басталады деді. Сіз қалай ойлайсыз? – «Амангелдіні» түсірген төл режиссеріміз емес. Оның сценарийін Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов жазған еді. Сол кезде ­Чапаев ­туралы фильм шығып, кейін ол әр республиканың өзінің бір ұлттық «геройы» болуы керек деген бастамаға ұласты. Сөйтіп, Амангелді туралы кино түсірілді. Ол сол кездегі большевизмнің идеологиясын дәріптеді, бірақ халыққа рух берді, патриоттық сезімін оятты. Қаншама ұлы тұлғаларымыз сол арқылы экранға шықты. Орыстар «Не имеет какого цвета кошка, главное чтоб она поймала мышку» дейді. Ақ мысық болса да, қара мысық болса да, бәрібір. Бастысы, тышқанды ұстаса болды. Сол секілді киноның қайсы бірінші шыққаны туралы емес, енді қандай кино түсіретініміз туралы ойлауымыз керек. – Дін туралы да айтып қалдыңыз. Осы тақырыпта өзіңіз кино түсіргіңіз келмей ме? – Жоқ. Конституциямызда біз зайырлы мемлекет ретінде түсін­дірілеміз. Қазақ – басқа ұлтқа, мысалы, шешендерге, башқұрттарға, өзбектерге қарағанда, ислам дініне кеш кірген халық. Оған дейін тәңіршілдік сенімде болдық. Бұрын ата-бабаларымыз жауға шапқанда «Уа, аруақ!» деп шабатын. «Аллаһу акбар» деп шапқан жоқпыз. Ал бүгінгі күнде дінге келу және дінде екеніңді көрсету сәнге айналып кеткен. Ыстық күнде көзін ғана көрсетіп, басқа жерлерін тұмшалап алған қазақ қыздарын жиі көремін. Өнер академиясында мемлекеттік емтиханда отырғанда қара жамылған, бет-аузын тұмшалаған студент қызды көрдім. Балет хореографиясында оқиды екен. Ал хореография дегеніңіз, қарапайым түсіндіргенде, шешінетін мамандық. Ол сахнадағы серігімен бірге түрлі би қимылдарын жасайды. Ал бұлай киініп алып, ол кімді алдады? Демек, оның жол сілтеушісі дұрыс емес. Жас баланың миы ақ қағаз сияқты ғой, көк сияны құйсаң, көгереді, қызыл құйсаң, қызарады. Атасы, әжесі, әкесі дін жолындағы жас­тар сол үйдегі үлкендерінен үйренер. Ал діннен алшақ отбасында өскен жас­тар кімнен тәлім алып жүр? Мәселе сонда. Кешегі 90-жылдарда елімізге қаншама миссионерлер келді. Кришнаиттер, христиандар, иеговашылар, тағы басқаларының біздің қазақ мектептерін аралап, өз бағыттарын насихаттағандарын көзіммен көрдім. Олар адамдарды тарту үшін ақша да ұсынды. «Әр кәлләда бір қиял». Қазіргі дінге бет бұрғандардың ішінде Құран-Кәрімнің тәржімасын білмейтіндер бар. Оқымайды, демек, түсінбейді. Бірақ киімін киіп жүреді. Бұл – дерт. Қазіргі қоғамның ауруы. Байқасаңыз, бүгінде балгер, емші дегендер толып кетті. Қолына тасбих алып, бал ашатындар, қамшы ұстап, аластайтындар көп. Баяғыда Анатолий Кашпировский деген «фокусник» болған. Бір телеарнада хабары болатын. Содан елдердің бәрі су сатып алып, жазылып кетіпті-міс дегенді еститінбіз. Халық соған сенетін. «Дүмше молда – дінбұзар» дейді. Біз қазір соның жемісін жеп жатырмыз. Сондықтан, менің ойымша, дін, ең бірінші, адамның жүрегінде болуы керек. Жүрегі таза, тәрбиелі адам ешқандай қылмысқа бармайды. Әйтпесе, жұма сайын мешіт­ке баратын рэкеттерді де көрдік. Мұның аты – көзбояушылық. Адам неге қылмысқа барады? Жүрегінде иманы жоқ болған соң. Біз қазір «иванизация­дан» «имани­зацияға» енді ғана бет алдық. – Бүгінгі жастардың назарын қандай мәселеге аударуын қалар едіңіз? – Мені алаңдататын екі нәрсе бар. Біріншісі – «қазақ тілі енді елу жылда осы қалпында қала ма, қалмай ма?» деген сауал. Екіншісі – «қазақ елінің шекарасы енді елу жылда осы қалпында қала ма, қалмай ма?» деген үрей. Жас­тар да осыны ойласа екен дейсің... – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Әсел САРҚЫТ,  Назым ДӘКЕНОВА

2215 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз