Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Қыркүйек, 2018

ҒЫЛЫМ – ӨРКЕНИЕТ ӨЛШЕМІ

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат ЖҰРЫНОВПЕН сұхбат

– Сіз осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының қабылдауында болып, еліміздегі ғылымның даму барысы жөнінде баяндадыңыз. Содан бергі аралықта бұл салада қандай ауқымды шаруалар атқарылды? – Академияның жұмысы Елбасы­ның назарынан еш уақытта тыс қалған емес. Мен 2016 жылы Президентпен кездесуде біраз мәселелерді көтерген едім. Солардың бірі – ғылым саласын қаржы­ландыру кезіндегі ең күрделі мәселе – сараптама. Сараптама – ғылымның шешуші тұсы. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына сараптаманы ғылым саласында кем дегенде он жыл жұмыс істеген тәжірибелі ғалым-мамандар жүргізуі керек екендігін айттым. Ғылыми жобалар мен бағдар­ламаларды бағалау үшін келісімшарт не­гізінде қоғамдық бақылау сарапта­масын ҰҒА-ға беруді сұрадым. Орайы келгенде айта кетейін, Білім және ғылым министрлігіне Ерлан Сағадиев мырза келгелі біздің академияға тиісті көңіл бөлініп, біраз жұмыстар атқарылды. Ал бұрынғы басшылар тұсында сараптама жасау ісі тәжірибесіз жас мамандарға беріліп келген-ді. Мен өсіп келе жатқан жас мамандарды үнемі қолдап жүретін адаммын. Бірақ, олардың бәрі бірден тәжірибелі маман болып шықпайтыны түсінікті. Бұл – бір. Екіншіден, конкурсқа түскен барлық материалды, ұсыныстарды министрлік бұрын шет елдердегі ірі ғалымдарға сараптамаға жіберетін еді. Ол да дұрыс емес. Әр елдегі жетекші ғалымдардың өз жұмысы басынан асып жатады. Олар Қазақстаннан келген жұмыс үшін өзінің бар шаруасын ысырып тастай қоймайды, біздің азын-аулақ қаражатымызға (200 $) көңіл бөліп те қарамайды. Айналасындағы кіші ғылыми қызметкерлерге сараптама жасатып жібере салады. Бізде ғылымға бөлінетін қаржының қомақты бір бөлігі осы шетелдік сараптамаға ар­нал­ған 5000 дана жобаға жұмсалып отыр. Бұл құмға төгілген су сияқты. Елбасы біздің ұсынысымызды қолдады. Әрбір конкурста бес мыңдай жұмыс сараптамадан өтеді, олардың тек 1300-дейі ғана қаржыландыруға жіберіледі. Сонда біз қабылданбаған 3700 жұмыстың сараптамасына да ақша жұмсап, қажетсіз шығынға батып отырмыз. Бұл, расында, миллиардтар желге ұшып жатыр деген сөз. Аталған қаражатты одан гөрі өзіміздің институттарға бөліп берсе, қаншама жұмыс атқарылар еді. Осы қаржы 4-5 институтты толығымен қар­жыландыруға жетеді. «Сараптаманы ҰҒА академиктерінің жасағаны әділ болмақ, әрі арзанға түсер еді» деген ойымды айттым. Президент менің ұсынысымды қол­дады. Қазір бұл жұмыстар өз шешімін тауып келеді. Елбасының алдында тағы бір көтерген мәселем мынау. Біз Ғылым академиясында жыл сайын «Ғылым туралы ұлттық баяндама» даярлаймыз және 8 журнал шығарамыз. Бұл журналдардың біразы 2016 жылы «Elsevier Scopus», 2018 жылдың басынан бастап сол 8 журналымыздың 4-еуі – «ҚР ҰҒА Хабаршысы», «ҚР ҰҒА Хабарлары. Химия және технологиялар сериясы», «ҚР ҰҒА Хабарлары. Геология мен техникалық ғылымдар сериясы», «ҚР ҰҒА Хабарлары. Физика-математика сериясы» журналдары «Clarivate Analytics» (бұрынғы Thomson Reuters) халықаралық мәліметтер базасына кірді. Бұл – үлкен жетістік. Орталық Азия елдерінен тек қана осы журналдар халықаралық базаға енді. Елбасының алдында айтқан үшінші мәселем – бұрын біздің Ұлттық ғылым академиясының ұсынысымен Үкімет бе­кіткен марапаттарымыздың жайы. Бұлар – жылда ең үздік ғалымдарға берілетін атаулы сыйлықтар. Бірақ 2003 жылы біздің ме­кемеміз қоғамдық бірлестік болып өз­герді де, бұл марапаттар министрлікке өткізілді. Президент бұл өтінішті де құп көріп, биыл оның бәрін ғалымдарды ерекше қолдап отырған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің бұйрығымен қайтарып алдық. Енді Күлтегін, Ш.Уәлиханов, Ы,Алтынсарин, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Д.Қонаев атындағы сыйлықтарды ғана емес ғалымдарға берілетін 75 ғылыми стипендия бойынша конкурс өткізуді де министр Ұлттық Ғылым академиясына тапсырды. Ашық талқылаудан өткен әділ шешімдер кез келген саланы жетілдіреді. – Ұлттық Ғылым академиясының төрт журналы Clarivate Analitytics (бұрынғы Thomson Reuters) халықаралық мәліметтер базасына енгізіліп, индекстелгенін атап өттіңіз. Жалпы, мұндай деңгейге жету үшін қандай талаптар қойылады? – Ұлттық Ғылым академиясы әрдайым жарияланымдар сапасын арттыруға және журналдардың халықаралық деңгейге сай келуіне, олардың ұлттық және шетелдік ақпараттық базаларда индекстелуіне мүдделі болды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары ҰҒА-ның 8 журналы басқа да кеңестік журналдармен бірге жоғары рей­тингті ғылыми журналдардың халықара­лық тізіліміне еніп, ең беделді ұлттық кітап­ха­наларының реестріне кірді. Содан бері олар жүйелі түрде 73 шетелдік мемлекеттің – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, ТМД республикалары және т.б. елдердің ірі ұлттық кітапханаларына жөнелтіледі. 2016 жылдан бастап біздің журналдарда ғылыми мақалалар қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларымен қоса ағылшын тілінде жарияланып келеді. Журналдардың онлайн-қолже­тімділігі қамтамасыз етілген. ҚР ҰҒА сайтында барлық 8 журналдың 2012-2018 жылдардағы электронды архивтері бар. Сонымен қатар, журналдардың халықаралық базаға енуі қазақстандық ғалымдардың, оқытушылар мен студент­тердің көптеген материалдарды, аймақтық зерттеу ақпараттары мен сілтемелерді пайдалануына жол ашты. – «Болашақтың энергиясы» тақы­рыбымен өткен ЭКСПО – 2017 көрме­сінің нәтижелеріне ғалымның көзімен үңіліп көріңізші. Біз сырт елдердің ғалымдарынан не алдық? Олар бізден не үйреніп кетті? – Халықаралық ғылыми көрме­лерде әдетте соңғы ғылыми зерттемелер көрсетіледі. Сондықтан ғалымдар өздерінің жаңа идеяларын ортаға салып, әртүрлі мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. ЭКСПО – 2017 көрмесінің тақырыбы барлық адамзат үшін маңызға ие болып отырған «Болашақ энергиясы» атты ғылыми зерттеулердің дамуына жол ашты. Жаңа энергия саласындағы зерттеулер қазіргі кездегі экологиялық жағдайдың нашарлауына және плане­таның биоло­гиялық әртүрлілігін сақтап қалу маңыз­дылығына байланысты қарқынды дамуы керек. ЭКСПО қонақтары ұсынған зертте­мелердің арасында қоршаған ортаға зиян келтірмейтін өндірістік технология­ларды, лазерлерді, «ақылды қалаларды» құру, өздерінің ішкі қажеттіліктері үшін энергия­ны өндіру идеясын ілгерілету, су ресурстарын басқару және экологиялық таза көлік жүйесін дамыту тәсілдері бар. – Біздің елдегі қай ғылымның саласы бойынша әлемді мойындатуға мүмкіндігіміз бар? – Әдетте ғылым салаларының дамуы сол мемлекеттегі дамыған өндіріс салаларына байланысты болады. Өйткені, экономика, табыс көздері кез келген мемлекет үшін өте маңызды. Қазақстандағы табиғи байлықтарға байланысты геология, металлургия, химиялық технология, аграрлық сектор және фундаменталды жаратылыстану, гуманитарлық ғылымдар салаларындағы зерттеу жұмыстары өте жақсы ілгеріледі. Қазіргі таңда алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеулер химия саласының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Бірегей ерекшеліктері бар композитті материалдар, наноматериалдар басқа да жаңа өнім топтамасын шығаруға мүмкіндік береді. Жасыл химия талаптарына сай технологиялардың дамуы болашаққа жол ашады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жаңа Жолдаудың жаңа әлемге – Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайтынын атап өткен еді. Олай болса, ғалымдар осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Қазақстан-Британ техникалық уни­верси­тетінің құрамындағы Д.Со­кольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институтының ғалым­дары Атырау мен Павлодардың мұнай өңдеу зауыттарында және «ПетроКазахстан Ойл Продактс» (Шымкент) мекемесінде дизель және бензин отындары сапасын «Евро-4» стандартына көтеретін технологияны сынақтан өткізді. ҰҒА академигі С.Әдекенов ойлап тапқан өсімдік шикізатының негізінде емдік дәрі-дәрмектердің жаңа буынын өндіру саласындағы ғылыми бағыт әлемдік деңгейде мойындалды. Қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» дәрісі, гепатиттен қорғайтын «Салсоколлин» дәрісі, паразит­терге қарсы «Саусалин» дәрісі, гиполи­пидемиялық «Атеролид» дәрісі, «Экдифит» адаптогенді дәрісі қолданысқа енгізілді. Электрохимиялық ғылыми-зерттеулер өте таза металдарды, металдардың нанодисперсті ұнтақтарын, ерімейтін метал­дар қалдықтарынан олардың жаңа химиялық қосындыларын алуға, металдарды коррозиядан қорғаудың жаңа тәсілдерін жасауға бағытталған. – Қазақстандағы өндіріс пен өнеркәсіп­тің қай саласы ғылымды көбірек қажетсінеді деп ойлайсыз? – Ғылымды тежеп тұрған нәрсе – оның өндіріске шығу жолы қиын. Өндіріс пен зертханалар арасындағы ескі көпір бұзылды. Бұрын Кеңес өкіметінің кезінде біздің ірі елу зауытымыз тікелей Мәскеуге бағынатын. Зауыттардың жанында «экспериментальді цех» деген болатын. Ғалымдар өзінің жобасын өндіріс басшыларына дәлелдеу үшін сол жерде эксперименттен өткізіп көрсететін. Егер тиімділігі анықталса, ол тәжірибе өндіріске енгізілетін. Ал, қазір сынақ цехтары жоқ. Біз, мысалы, жаңа катализаторлар шығарамыз. Оны зауыт бірден қабылдамайды. Өйткені, лабораторияда аз мөлшерде алынған заттардың үлкен өндіріс үшін не беретініне олардың көздері жетпейді. Ал оны сынақтан өткізіп көру үшін не Қытайға, не Францияға барамыз. Оларға тексеріп бергені үшін ақша төлейміз. Өстіп жүргенде ашқан жаңалығымызды ұрлатып алуымыз да мүмкін. Себебі, олардың мамандары сынақтан өткізіп жатқанда көреді ғой оны. Сөйтіп, бізден бұрын жасап қойып, патенттеп қоймасына кім кепіл? Ал жалпы алғанда, ғылыми жаңалықтарға қа­жет­тілік екі жағдайда ғана туындайды: 1. Шикізаттарды өңдеу өндірісі мен орта және шағын бизнес дамуы керек; 2. Моно­по­лияға қарсы өндірістік жүйе орын алуы қажет. – Сіз осыдан үш жыл бұрын құрылған Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағының алғашқы жиынында осы құрылымның төрағасы болып сайландыңыз. Бұл бағытта қандай бастамалар көтерілуде? – Ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев айтқандай, 240 миллионға жуық халқы бар түркі әлемінің қара шаңырағы – Қазақстан. Қазіргі заманда бүкіл дүниежүзі жұртшылығы біздің елімізді бейбіт, мәдениетті, білімі мен ғылымы дамыған өркениетті мемлекет деп біледі. Оның үстіне тұңғыш Президентіміз – Елбасы, ҰҒА академигі Н.Ә.Назарбаев Орталық Азия мен Түркі әлемінің көшбасшысы ретінде де танылып отыр. Бұл – ата-бабаларымыз бұрыннан армандап келген межеге қолымыз жеткенінің көрінісі. 2015 жылы Астана қаласында Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағының алғашқы сессиясын өткіздік. Онда Түркі әлемі мемлекеттік ғылым академиялары одағының құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Мен осы одақтың басшысы болып сайландым. Бұл сессияға сол елдердің мемлекеттік ұлттық ғылым академияларының президенттері мен вице-президенттері және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жаңадан құрылған одақтың құрылтай сессиясында өз қызметін анықтайтын ереже қабылданды. Сонымен қатар, түркі тілдес мемлекеттерінің бірыңғай білім кеңістігін құру және олардың ғылым академиялары арасында тығыз байланыс орнату мәселелерін қарастырдық. – Бұрынғы Кеңес Одағынан бөлінген республикалардың ішінде КСРО Ғылым академиясының мұрагері болып қалған Ресейдің жөні бөлек. Одан басқа қай рес­публиканың ғылыми әлеуеті тәуірлеу? – Кеңес Одағы Ғылым академия­сының мұрагері – Халықаралық ғы­лым академиялары ассоциациясы (МААН). Бұл ұйымның бірінші президенті болып 1992 жылы Украина ҰҒА президенті, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Украина қаһарманы, Лениндік сыйлықтың лауреаты, академик Борис Евгеньевич Патон сайланды. Осы ұйым 25 жыл бойы Б.Патонның басшылығымен жүйелі жұмыстар атқарды. Қазіргі кезде МААН Киевтен Минскіге көшті. Оның жаңа президенті болып Белорусь ҰҒА Президиумының төрағасы, академик ­Владимир Григорьевич Гусаков ­сайланды. Беларусь Республикасы ғылымның дамуына зор мән береді. Бұл елде 2017 жыл Ғылым жылы деп жарияланды. Мен Елбасымыздың Беларусь еліне мем­лекеттік сапары кезінде делегация құрамында болып, екі академия ара­сындағы Ғылыми ынтымақтастық жөнін­дегі келісім шартқа қол қойдым. – Жұртшылық арасында гуманитарлық ғылым саласы жаратылыстану ғылымда­ры­на қарағанда анағұрлым кенже қалып келеді деген пікір бар. Бұған қалай қарайсыз? Шыны­мен солай болса, оған не себеп? – Гуманитарлық ғылым мен жаратылыстану ғылымдарын қатар қойып салыстыру дұрыс емес. Олардың құры­лымы мен халықаралық әлемдегі сабақ­тастықтары әртүрлі. Жаратылыстану ғы­лымдары саласы – бізде кең таралған сала, олардың бір бөлігі өндіріспен ұштасып жатады. Қазіргі кезеңде гуманитарлық ғылым-білім салалары жаңа серпінмен дамуға тиіс. Рухани жаңғыру, ұлттық код, 100 жаңа оқулық (қазақ тілінде), латын әліпбиіне көшу және тағы басқа жобалар гуманитарлық ғылым тәсілдерімен жүзеге асуы керек. Қазақ-латын әліп­биін кең көлемде қолданар алдында тағы бір електен өткізіп алғанымыз дұрыс сияқты. Көрші Өзбекстан төрт рет әліпбиін өзгертіп, қазіргі түркі әле­міндегі ең заманауи үлгіні қабылдады. Олардың барлық әріптері стандарттық компьютердің тақтасында бар. Түркі әлемі бойынша латынға ең соңынан көшіп жатқанымыздың пайдасын көрсек, дұрыс болар еді. Оның жолы – қазақ-латын әліпбиін түркі дүниесіне ортақ етіп құру. Ол үшін қазіргі әліпбиімізге шамалы өзгерістер енгізген жөн. Біздің әліпбиіміздің 7 таңбасы стандарттық латын базасында жоқ, қос таңбалы 2 әрпіміз де бұрын тәжірибеде болған емес. Негізгі базалық 26 әріптің 3-еуі қолданыстан шығып қалды. Қосалқы «´» (акут) дәйекшісінің орнына стандарттық компьютерде тұрған «|» пайп (pipe) дәйекшісін алсақ, біздің мамандардың пікірінше, барлық мәселе шешілмек. Қазақ-латын әліпбиі бүкіл түркі әлемі қолдана алатын ортақ әліпби бола алар еді. Өйткені, дәйекшісі бар кейбір таңбаларды әрбір түркі тілдес халықтар өз ыңғайымен оқиды. Бұл әліпбидегі қасында « | » дәйекшісі бар a|, о|, и| деген таңбаларды баршамыз «сол әріп сияқты, бірақ ұлттық дыбыс ерекшелігі бар таңба» деп түсінуіміз керек. Сонда біздің әліпбиіміз бүкіл түркі әлемінің басын қосатын тағы бір игі жоба болар еді. Түркі әлеміне ортақ әліпби жасау мәселесі 1994 жылдан бері талқыланып келеді. Бірақ әлі ортақ шешім жоқ. Бұл келешектің мәселесі ғой, ал қазір қабылданған әліпбиімізге тезірек көшіп алғанымыз жөн. – Егер химик болмағаныңызда қай ғылыммен айналысар едіңіз? – Менің мектептен жақсы көріп қызы­ға­тыным екі пән еді: химия және физика. Бұлар – бір-біріне жақын салалар, екеуінде де заттардың атомдық, молекулалық құрамы, құрылысы мен реакциялық қасиеттері зерттеледі, жаңа материалдар алынады. Менің мамандығым – электрохимия. Химиялық реакциялар электр тогы­ның күшімен жүргізіледі, химия мен фи­зиканың ортасында болады. Бұл сала физикалық химия деп те аталады. Ал хоббиім – орта ғасыр тарихы, спорт, әдебиет. – Өз салаңыз бойынша ғылыми эксперименттер мен лабораториялық зерттеулерге әлі де тұрақты түрде атсалысып тұрасыз ба? Оған уақытыңыз бола ма? – Әрине! ҰҒА қоғамдық бірлестік қой. Бұдан бөлек мен ғылыми-зерт­теу институтында «Электрохимия және коррозия» лабораториясын басқа­рамын. Шәкірттеріммен бірге зерттеу жұмыстарын жүргіземін. Уақыт, әрине, бұрынғыдан аздау. Бірақ ғылыми-зерт­теулер мен ізденістер барлық кезеңде де демалыс пен ұйқыға бөлінген уақыттың есебінен жүзеге асады ғой. – Ілгеріде Ұлттық академияның жүйе­сінде болған, бүгінгі Ғылым комитетінің құзырындағы ғылыми-зерттеу институттарын университеттердің құрамына қосу туралы әңгіме ара-тұра айтылып қалады. Егер жүзеге асатын болса, бұдан не ұтамыз, неден ұтыламыз? – Қазіргі кезеңде Қазақстанда екі түрлі жүйе қалыптасып келеді. Бұрынғы академиялық 45 ғылыми-зерттеу инсти­тутының үштен бірі ғана дербес күйінде Білім және ғылым министрлігіне қа­райды. Басқалары әртүрлі ғылыми орта­лықтар мен университеттердің құрамында. Мысалы, Қ.Сәтбаев атындағы КазҰТЗУ құрамында 8 академиялық институт, ал КБТУ-да 2 академиялық институт бар. Ең мағыналысы – ол инсти­туттардың әкімшілік және қаржылық дербестігі жарғыда бекітіліп сақталуы керек. Мұндай жағдайда ғылыми-зерттеу институттарының даму процесіне ешқан­дай қауіп төнбейді. Керісінше, ­пайдасы бар, ғалымдар студенттерге дәріс беріп, қо­сымша жалақы алады, шәкірттер ­дайындайды. Бұл жердегі ең басты мәселе – оларды қаржыландыру жүйесі. Министрліктерде қалыптасқан жағдай бойынша 380-ге жуық ғылыми-зерттеу институты тең дәрежеде конкурсқа түседі. Бұл – мүлде дұрыс емес. Әрбір ғылыми мекеменің өз рейтингі (жетістіктері) бойынша алатын тиісті орны белгіленуі керек. ҰҒА ғалымдары осыдан 4-5 жыл бұрын қаржыландырудың жаңа схемасын дайын­дап, ғылым туралы Ұлттық баяндама арқылы Қазақстан Үкіметі жанындағы арнайы комиссияға ұсынған болатынбыз. Оның негізі – ғылыми жетістіктеріне қарай (тәжірибе, халықаралық нәтижелер, заманауи техникалық, электрондық қондырғылармен жабдықталуы, ғылыми кадрлар дайындалуы және т.б.) институттарды категорияларға бөлу. Мысалы, 1-категория – 40 институт, 2-категория – 40 институт, бұл топтарға кірмегендері – категориясыз институттар болып саналуы керек. Әрбір 3-5 жыл сайын бұл топтар құрамы конкурс-аттестация нәтижесінде ауысып тұрғаны жөн. Ал, қаржы қоры мысалы – 1-категорияға – 50%, 2-категорияға – 30%, қалғандарына – 20% мөлшерінде белгіленуі қажет. Сонда ғана біз дүниежүзілік дәрежедегі ғылыми мектептер мен лабораторияларды сақтап қаламыз. – Біздің жүйеге батыс ғылымының даму үлгісі енгізілгелі біраз болды. Мұның қаншалықты пайдасын көріп жатырмыз? Докторларымыздың жасар­ға­нын ғана жетістік деп бағалауға бола ма? – Болонья конференциясына сәйкес жаңа білім беру жүйесіне дұрыс көшу тұрғысынан алсақ, ескі жүйенің кейбір элементтерін сақтап қалып, жаңасын да ішінара енгізуге болатын-ды. Мысалы, бұрынғы жүйеден ғылым докторы деген атақты сақтап қалу керек еді. Бұл атақ бізден басқа ТМД елдерінің бәрінде бар. Болон білім беру жүйесіне көшу батыс елдерінің көпшілігінен «қалыспауға» мүмкіндік берді және академиялық ұтқырлық принциптерін кеңейтті. Қазақстан университеттерінде оқитын студент шетелде «Бакалавр – магистр – РһD (философия докторы)» схемасы бойынша қиындықсыз оқи алады. Бірақ РһD деген атақ бұрынғы ғылым кандидатына тең. Сондықтан ТМД елдерінде сақталып қалған ғылым докторы атағын Батыс Еуропа моделіне сәйкес «Хабилит-доктор» деген атпен қайта қалпына келтіру керек. Бүгінгі күннің талабы – дүниежүзілік ғылыми ортада өздерін еркін сезініп, осы ортаның ажырамас бөлігі бола алатын, жаңа зерттемелерді меңгеретін ғалымдарды даярлау. Елімізде ғалым­дардың беделін көтеріп, жағдай­ларын жақсартпасақ, ғылымға талапты жастарды тарта алмаймыз. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе. – Халқы жүз пайыз сауатты ел болып саналатын Қазақстандағы ғылымның дамуы халықаралық талапқа сай ма? – Legatum Institute халықаралық орталығы зерттеулерінің нәтижесінде Қазақстан білім беру көрсеткіші бойынша Ресейден ғана кем түсіп, 35-ші орынға тұрақтады. Біздің еліміздегі білім деңгейі Қытай мен Түркияға қарағанда жоғары, әзірге әлемнің алғашқы 40 мықты мемлекеттер тобында тұрақтап тұр. Әлемде 35-орын, ТМД-да 2-орын алу – үлкен жетістік. Қазір біз Ресей Ғылым академиясын­дағы сияқты, ҰҒА құрамынан шыққан академиялық институттармен және ғылым саласы дамыған ұлттық уни­верси­­теттермен келісімшарт бойынша ұжымдық бірлестік құрып жатырмыз. Мұндағы негізгі мақсат – ҰҒА-ның барлық халықаралық ғылым академиялары қауымдастықтарындағы мү­шелік құқығын пайдаланып, оларды ха­лықаралық ірі Мегасайенс жобаларына шығару. Мысалы, археология, тарих, сейсмология, тау мұздықтарына мониторинг жасау, наноматериалдар технологиясы, цифрлық информатика және т.б. салалар бойынша халықаралық конкурстарға шет ел ғалымдарымен бірлесе отырып қатысуға мүмкіндігіміз бар. Бүгінде Ұлттық ғылым академия­ларының халықаралық аренадағы қызметі, яғни ғылыми дипломатия кең өріс алып келеді. Мемлекетаралық қатынастар шиеленісіп, арасындағы көпірлер бұзылған кезде саяси және эко­номикалық байланыстар үзіледі. Ал ғылым әлемі – экстерриториялық дүние, сондықтан, керісінше, әр елдердің ғалым­дары арасындағы ғылыми байланыстар көпір­лер­ді қайта құруға ықпал етеді. Барлық елдерде зиялы қауымның алдыңғы шебінде ірі ғалымдар тұрғандықтан, олардың пікірі бұқарадан зор қолдау табады. Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастық қайта оңа­лады. Ғылыми дипломатияның бұдан басқа да көптеген тиімді жақтары толып жатыр. Әр мемлекеттің халықаралық беделі оның ішкі тұтастығында, бірегейлігі мен ауызбіршілігінде. Бұл жерде де жетекші ғалымдарымыздың рөлі ерекше. Соларға бұқара халық сенеді. Өйткені, олардың жүріс-тұрысы көз алдында. Істеген істері де, сөздері мен пікірлері де шынайы. Біз – мұсылман елміз. Абай атамыз айтқандай, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Жаратушы иеміздің сөздері – Құран Кәрімде. Онда ел бірлігіне қатысты мынандай нақты ұғым бар: «Пайғамбарлар мен патшаларды әр елге бір Алла өзі жібереді». Сондықтан тарихта біздің халқымыз өз патшасының айналасына жұдырықтай жұмылады. Тек сол кездерде ғана олар күш-қуат жинаған, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнаған. Бүкіл түркі әлемі пір тұтатын Қожа ­Ахмет Ясауи «мұсылманның бес парыздан басқа, оған қосымша тағы бес міндеті бар» деген. Олар: жұмсақ сөйлеу; Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өмірінен үлгі алу; білім-ілім жолымен жүру; басқа діннің өкілдеріне байыппен, түсіністікпен қарау; патшаға және елде орнатылған тәртіпке бағыну. Міне, нағыз әділет жолы, мұсылмандық демократия. «Барға – тәубе, азға – қанағат, жоққа – сабыр» деген ата сөзі де бар. Батыстың өз басшыларының жағасына жармасып, жерден алып, жерге салып жатқан бостандығы – демократия емес, барып тұрған әдепсіздік. Түптің түбінде ол берекесіздікке апарады, сондықтан дәл осы тұрғыдан олар бізге үлгі бола алмайды. БАҚ осы мәселелер бойынша дұрыс бағыт ұстауға міндетті. – Біздің ғалымдарымыз елді инновация­лау мен индустрияландыруға қандай үлес қосуда? Егер бұл жұмыс ойдағыдай жүрмей жатса, қандай ұсыныс айтқан болар едіңіз? – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауға қатысты мәлімдемесінде индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің флагманына айналуға тиіс деген тапсырма берді. Расында да, Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістігі – Елбасы пәрменімен іске асырылған индустрияландыру бағдарламасының арқасы. Міне, соның нәтижесінде қаншама жаңа өндіріс орындары пайда болды. Олар мыңдаған қазақстандық үшін тұрақты жұмыс көзіне айналды. Мәселен, өткен жылдың өзінде индустрияландыру картасы бойынша 12633 жұмыс орны ашылды. Бұл бағыттан таймасақ, еліміздің келешегі кемел болары сөзсіз. Өйткені, қазіргі дамыған мемлекеттердің бәрі де осы жолмен жүріп өткен. Ғылыми жетістіктер өндіріске кеңінен енгізілмесе, экономикамыз да өрге баспайды. Алдыңғы қатардағы 30 елдің жаһандық экономикасына кіру үшін де ғылымнан туындайтын инновациялар керек. Тағы да бір айта кететін жайт мынау. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін демократияны пайдаланған 25-30-дай академия пайда болды. Олардың кейбірі «ұлттық» деген сөзді атына қосып алған. Түптеп келгенде, бұл заңға қайшы. Мемлекеттік әрі рәміздік мәні бар құндылықтар Елбасының Жарлығымен немесе Үкімет қаулысымен белгіленеді. Ондай рұқсат біздің академиядан басқа ешқайсысында жоқ. Кеңестік кезеңнен келе жатқан, Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, академик Қ.И.Сәтбаев құрған жалғыз академия – Ұлттық Ғылым академиясы. Еліміздің маңдай алды ғалымдары – осы академияның академиктері. Қалған «академиктер» – асау демократия толқынымен келген академиялардың мүшелері. Елге белгілі кейбір тұлғалар өздерін академик деп жариялайды да, қайсы академияның мүшесі екенін жасырып қалады. Ал қалың оқырман оны ҰҒА академигі деп ойлауы мүмкін. Олар кейде мемлекеттің саясатына қайшы дүниелерін де шығарып жатады. Біздің академияның атын жамылып мақала жазатындар да болған... Сондықтан, ел арасында түсінбеушілік туындамас үшін БАҚ өкілдері сұқбат алғанда, газет беттеріне мақала қабылдар алдында соны анықтап, қай академияның академигі екенін көрсетіп жазуға тиіс. Мемлекетті байытудың бірден-бір тиімді жолы – ауыр индустрияны дамыту және әрдайым инновация же­тіс­тіктерімен толықтырып отыру. ­Батыс мемлекеттерінде мұны «Scientific support» (ғылыми көмек) деп атайды, яғни өндіріске ғылыми көмек көрсету, дұрысы – ғылыми тұрғыдан қолдау ­(научное сопровождение). Сатылып алынған ең жаңа технология (трансферт) әрі кетсе 5 жылда ғылымның тез дамуына байланысты тиімділік үстемдігінен айырылады. Сондықтан кез келген зауытты немесе фабриканы ғылыми тұрғыдан қолдау арқылы алғы шепте тұрақты ұстап тұру керек. Мысалы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде өңдеу, тауар шығару өндірісі осылайша жұмыс істейді. Ал, керісінше, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ауыл шаруашылығы дақылдарынан жыл сайын 4-5 рет өнім алатынына қарамастан кедейшілік өмір кешуде. Себебі, ол елдерде индустрия дамымаған, ал ондай жағдай жоғары техникалық білім мен ғылымның жетілмегендігіне байланысты орын алып отыр. Сол үшін «Ғылымсыз даму (прогресс) жоқ» деген аксиоманы естен шығармау керек. Табиғи байлықты шикізат күйінде (мұнай, газ, металл) сата беру қаржы әкелгенімен, мемлекетті дамытпайды. Оларды өз елімізде өңдеп, тауарға айналдырып, Елбасымыз бұрыннан айтып келе жатқан орта және кіші бизнесті дамытпасақ, біз Африканың шикізат қана өндіретін кедей мемлекеттеріне ұқсап қаламыз. Ол елдердің билеушілеріне ғылым да, ғалымдар да, тіпті жоғары білімді мамандар да қажет емес. Оларға шетелдік менеджерлер басқаратын шала сауатты жұмысшылар ғана керек. Дегенмен, Тәуелсіз Қазақстанда өндіріс тарапынан ғылымға Кеңес үкіметі кезіндегідей сұраныс жоқ. Оның негізгі екі себебін атап кеткім келеді. Біріншісі – көптеген ірі өндіріс орындары шетелдік инвесторлар қолында. Ол компаниялардың өз елдерінде көптеген ғылыми-зерттеу институттары бар. Ғылымға бөлінетін шығындары сонда кетеді. Ал одан төмендеу өндіріс орындарын иеленген монополистер қандай тауар шығарса да өтімді, арасында бәсекелестік жоқ. Ғылымсыз-ақ табысты күреп табады, қоршаған ортаны да аямай бүлдіріп жатыр. Шексіздік орын алған, қанағат жоқ. Екінші себебі – ғылыми лаборатория мен өндіріс цехтарының арасын жалғап тұратын көпір бұзылған. Ғалымдардың жаңа әрі озық тәсілмен грамдап алған заттарын өндіріс басшысы өз зауытына ендіру үшін, тонналап болмаса да килограмдап шығаруды талап етеді. Онысы дұрыс, бірақ ол үшін жартылай өндірістік ірі қондырғы керек. Бұрын ірі зауыттарда тәжірибелік немесе экспериментальді цехтар болатын. Олар Кеңес үкіметімен бірге жоқ болды. Қомақты қаражат талап етуіне қарамастан соларды жобалау және конструкторлық бөлімдермен қоса қайта құру қажет. Жаңадан өріс алып келе жатқан мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін құру арқылы бұл мәселені толық шешуге болады. Ондай игі бастамалар да жоқ емес. Мысалы, Алматы қаласы жанындағы «Байсерке» атты көп салалы әмбебап ауыл шаруашылығы өндіріс орнында, оның басшысы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА-ның құрметті мүшесі, профессор ­Те­мірхан Досмұхамбетов Ұлттық Ғылым академиясының бір топ ғалымдарының қолдауы арқылы ең озық технологияларды енгізіп, өнімділігі жағынан (бидай, жүгері, соя, т.б.) дүниежүзілік рекордтар беріп жатыр. Байсеркенің тағы бір айта кетерлік ерекшелігі, ҰҒА академиктерімен бірге «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде оқып келген мамандар да қатарласа жұмыс істейді. Мұнда олар еңбекқорлықты, таза пейілмен ғылымның биік идеалдарына ұмтылып, аянбай қызмет етуді үйренеді. Алдымыздағы үлкен мақсат 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына қосылу екені белгілі. Бұл – оңай шаруа емес. Алға ұмтылмай жүрген мемлекет жоқ. Бірінші отыздыққа кіру үшін біз Испания, Италия сияқты мемлекеттермен жарысып, олардан озуымызға тура келеді. Ол үшін тату-тәтті, жоғары саналы, мәдениетті, білімі, ғылымы, өндірісі дамыған біртұтас ел болуымыз керек. Бұл мақсатқа апаратын басқа жол жоқ. – Қазақстандағы ілгеріден келе жатқан ғылыми мектептерді сақтау жөнінде үнемі айтып келесіз. Бірақ ол мектептердің байырғы өкілдері жылдан-жылға жасарып келе жатқан жоқ қой. Бүгінгі буын сол мектептердің дәстүрін жалғастыруға қабілетті ме? – Ғылыми мектептер барлық дамыған елдерде ерекше қамқорлыққа алынады. Себебі, ол мектептерді бірегей жетекші ғалымдар ғана құра алады. Бұл ұзақ жылдарды және қомақты қаржыны талап етеді. Кезінде АҚШ президенті Ф.Рузвельт жетекші ғалымдарды жинап алып: «Дүниедегі ең үздік университет құру үшін не істеу керек?», – деп сұрапты. Жауап: 50 миллион доллар және 50 жыл уақыт! Сондықтан көп қиындықпен ұзақ жылдар бойы құрылған ғылыми мектептер сақталуы керек. Сол мектептерден ғана отансүйгіш жастар арасынан көрнекті ғалымдар шығады. Талантты жастарды ғылымға тарту үшін олардың жалақысы мен пәтер мәселесін шешіп беру керек. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша биыл Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев академиялық институттардың жас ғылыми қызметкерлеріне мемлекеттік бағдарлама бойынша 120 пәтер бөлді. Мен шәкірт тәрбиелеп, өз мектебін қалыптастыра алмаған ғалымдарды жетекші ғалым деп санамаймын. Қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеу – қиынның қиыны. Себебі, біз ғылымға талантты жастарды шақыра алмаймыз. Беретін айлығымыз төмен, әрі кетсе 75-80 мың теңге ұсынамыз. Жастарымыз ғылымға бет бұру үшін отбасын асырай алатындай айлық төлеуіміз қажет. Ғылымның олардан басқа проблемалары да толып жатыр. Приборлар паркі ескірген. Оны әрбір бес жыл сайын жаңалап тұру керек. Электронды құралдар алған жөн. Ол қымбат тұрады. Алдағы уақытта осы мәселелердің шешімін тапқанымыз дұрыс. Соған қарамастан, қазақ ғылымы көштен қалмай, әзірше алдыңғы шепте келе жатыр. – Бұрынғы жүйеде Қазақстан ғылымы Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұратын еді. Ал қазіргі ТМД елдері ­бойынша біздің ғылымдағы үлес салмағымыз қандай? – Қазақстан ғылымы Кеңес Одағы кезінде де озық болды, қазір де алдыңғы қатарда тұр. Оған дәлел ретінде КСРО Ғылым Академиясының президенті, үш дүркін Социалистік Еңбек Ері, академик Анатолий Петрович Александров бір үлкен жиналыста: «Қазақстанның ғылымы Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұр» деген еді. Бұл – үлкен баға. 45 академиялық институттың бәрі орнында, жоғары деңгейде жұмыс істеп жатыр. Оларды қаржыландыру тек қана біздің Қазақстан тарапынан емес, сондай-ақ халықаралық қорлар арқылы да жүргізіледі. Бұл да еңбектің жемісі. Әрине, қазіргі ғалымдардың бұрынғыдай жағдайы жоқ. Тоқырау болды, ғылымның өсуі біраз баяулап қалғаны рас. Оның бәрі қаржыға байланысты. Академиямыздың 70 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасымыз, академик Н.Ә.Назарбаев ғылымға бөлінетін қаржының көбейетінін айтты. Бұл ғылымның қарқынды дамуына зор септігін тигізеді. ТМД аумағында қазір Қазақстанда ғана Ұлттық Ғылым академиясы қо­ғамдық бірлестік ретінде жұмыс жүргізуде. Рас әлемнің дамыған елдерінің бәрінде ҰҒА мемлекеттік меншікте емес. Бірақ олардың заңы біздегіден мүлде басқа. Онда ҰҒА үкіметке тәуелді болмау үшін ғана мемлекеттік емес ұйым боп отыр. Осыған қарамастан үкімет мемлекетке мол пайда келтіре алатынын түсінгендіктен олардан қаржыны ешқашан аямайды. Мәселен, АҚШ-та ғылымның да, ғалымдардың да абыройы мен беделі өте жоғары. Олардың ұлттық академиясының жылдық бюджеті 64 миллион долларды құрайды. Бізге жер көлемі жағынан жақын Австралияда – ҰҒА бюджеті 6,1 миллион доллар. Қазақстан – табиғи байлығы мол, халқы білімді, ғылымы дамыған мемлекет. Мұнай қоры жағынан біз әлемде 9-орындамыз, уран қоры бойынша 2-орын, хром қорынан 2-орын, көмірден ТМД-да 2-орын иеленеміз. Оның үстіне алтын, күміс, мыс, мырыш, алюминий, титан, магний және сирек кездесетін металдар мен химиялық элементтердің де жеткілікті қорлары бар. Бүгінде Қазақстанға АҚШ және Батыс Еуропа, сондай-ақ Түркия, Иран, Жа­пония және Қытай секілді елдердің қызы­ғушылық танытып отырғаны рас. Бұл алғашқы кезекте республиканың страте­гия­лық шикізаттық ресурстар бойынша жоғары әлеуетіне байланысты. Әсіресе мұнай, газ және Cu, Zn, Pb, Ti, Al секілді металдар, сирек кездесетін элементтер, уран отыны өте бағалы. Осы қорларды өзіміз игеріп, ғылыми-технологиялық өндірістер құрып, шикізаттарымызды тауарға айналдырып, экспортқа шығарсақ, оның қаржысын халқымыздың игілігіне жұмсасақ, сүйікті отанымыз – Қазақстан гүлдене бермек.

Әңгімелескен Бауыржан ЖҰМАХАНҰЛЫ

2076 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз