Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 08 Мамыр, 2019

Тілек БАЗАРОВ, әнші-жыршы: Ұлттық өнердің мұрагері – әншілер

Тілек Базаров – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Бойына  жыршылық, әншілік, актерлік, сал-серілік қасиеттерді тоғыстыра білген өнерпаз ән мен жыр тәрізді ұлттық өнерді халыққа өз нақышында насихаттап келеді. Ата-бабамыздан жеткен саф алтындай таза өнердің қаймағын бұзбай, заманауи бағыттармен үндестіре отырып жаңғыртуы да ерекше атап айтуға тұрарлық. Осы ретте әншімен аз-кем сұхбаттасып, шығармашылығы жөнінде әңгімелескенбіз. 

– Тілек, дәстүрлі ән орындап, эстрада бағытын этностильде жаңғыртып, «Тойбас­тар», «Күлкің қандай» әндерімен тыңдарман көңілінен шығып жүрсіз. Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден, өнерге келуіңізден бастасақ. – Мен 1987 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Үштөбе аулында дүниеге келгенмін. Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжін сырттай тамамдадым. Өнер мен мәде­ниеттің ордасы Алматы қаласына 2013 жылы қоныс аудардым. «Әр молда білгенін оқиды» дейді ғой, қолымнан келгенше қазақтың дәстүрлі әндерімен қатар, эстрадалық әндер мен той-жиынға бағытталған әндерім де баршылық. Жыр бағытынан да 4-5 сағат «шабатындай» қуатым бар. Қазір де Арқа мектебінің әртүрлі әндерін дайындап жатырмын. Бүгінгі эстрада әншілерінен ерекшелігім, заманауи туындыларымның өзі этностильде жазылады. Бірнеше әнім «Қазақ», «Шалқар» радиоларынан беріліп жүр. Кейбір өнер иелері сияқты, «қара ­пиарды» пайдаланбаймын. Әлеуметтік желілерде жеке парақ­шамды жүргізіп отырамын. Былтыр жұл­дызым жан­ғандай болды, ко­медиялық ки­но­ның кастингіне өткен болатынмын. Жалпы өнер адамына танымал­дылықтың қызмет етуі заңдылық деп білемін. Тек танымалдылыққа орнымен, кәсіби түрде жетсең, әнші үшін одан асқан бақыт та, байлық та жоқ. – Дәстүрлі өнердің дәріптелуіне көңіліңіз тола ма? – Кезінде Темірше Сарыбаев деген кісі Сыр елінде бірқатар жырлардың авторы, қателеспесем, Нұртуған атамыздың ең кіші немересімен дәмдес болып, көзін көріпті. Сонда Нұртуған атамыздың немересінің алдында жас дәстүрлі әнші өнер көрсетіпті. Соңында ол кісі: «Е, айналайын, жақсы екенсің. Тек қана бір қателігің бар екен» депті. Айналасындағылар «қандай қателік?» деп шу етсе, «Шырағым, домбыраңның сабағын төмен ұстайды екенсің. Қазіргі сенің ханың кім?» дейді. Сонда жұрттың бәрі «Хрущев», «Хрущев» деп шу ете түсіпті. «Сен сол Хрущевпен дастарқандас болып жатсаң, Хрущевтің самайынан сенің домбыраң екі елі жоғары болсын» деген екен. Қазір біз домбыраның да, дәстүрлі әншінің де қадірін аса біліп жатқан жоқпыз. Құдалық, тойда өнерін көрсеткізіп, қалтасына ақшасын беріп шығарып саламыз. Олар дастарқанға да жақындамай, табалдырықта телміретін кездер болады. Бұрынғы мен қазіргінің бағалауы жер мен көктей. Біз дәстүрлі әншілерге еліміздің үлкен мұрасын арқалап жүрген адам ретінде қарауымыз керек қой. – Өнердегі замандастарыңыздың аяқа­лысы қалай деп ойлайсыз? – Сұлтанмахмұт Торайғыров ата­мыздың жақсы бір сөзі бар ғой: «Ән мен әдебиет егіз. Қазақтың әдебиеті өлсе, әні жесір қалады» дейді. Біз қазір сол күйді кешіп жатқан сияқтымыз. Әрине, мұсылманшылықта амал қылу деген бар. Дегенмен, біреуді мақтау үшін екіншісін жамандап, біреуді төмендету үшін келе­сі­сін жоғарылатудың қажеті жоқ. Қазіргі өнер күнкөрістің амалы болып кеткені рас. Өзім де той әндерін орындап жүрмін ғой. Бірақ сөздің парқын қарап, ән мәтінінің ма­ғынасын тексеріп отырған ешкім жоқ. Меніңше, мұндай қателіктерді түзеу үшін Үкімет тарапынан бір комиссия құрылып, арнайы мекеме жұмыс істеуі керек. Кейде қолынан келмейтін кісілердің ән айтып жүргенін көріп, қарның ашады. – Ал өзіңіз әнді қалай таңдайсыз? – Менің айналамда Бауыржан Қалиолла, Жанарбек Әшімжан сияқты сөздің қасиетін, парқын түсінетін жандар рухани дос, рухани аға болып жүр. Көбіне осындай қамқор ағаларым бағыт-бағдар беріп отырады. Кейде ән мәтініне байланысты имамдармен де кеңесіп тұрамын. Себебі әннің ішінде елге зиян келетін нәрсе болса, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Мұның өзі үлкен зиян. Осындай сүзгіден өтіп барып, елге тараған әндерімді тыңдарман жақсы бағаласа, мен үшін зор бақыт сол деп білемін. Мен ешкімге ұқсамай, өзімнің табиғи бағытыммен шыққым келеді. Алмас Алматов ағамыздың: «Дәстүрлі өнер өкілдері дүниеге бір күнде келмейді және бір күнге келмейді. Біз мәңгіліктің қосыны жеткен жандармыз» деген сөзі бар. Дәстүрлі әндермен бастап, қазір эстрада мен той бағытын қатар алып келемін. Өйткені шоу, той деген деген нәрсеге де немқұрайлы қарамау керек деп ойлаймын. – Әңгімемізді өзіңіз шебер басқара білетін той бағытына бұрсақ. Той жүргізу бағдарламаңыз бар ма? – Мен кедей мен бай-бағланның, қарапайым адам мен танымал адамның да тойына барамын. Соған орай той жүргізу бағам да әртүрлі болып өзгеріп ­отырады. Ең бастысы – той иесінің көңілін табу. Қазір той мен асаба мәдениеті негізгі мәселелердің алдыңғы қатарына шығып отыр. Дегенмен, сөз парқын түсінетін, қара өлеңді тебіренбей оқымайтын, ән мен шоуына бейжай қарамайтын кез келген асаба шек пен шекарадан шықпайды деп ойлаймын. Бұл кейде той иесінің сұранысына да байланысты болады. Мен қазір әзіл бағытындағы Тұрсынбектің темпераментімен жүргім келеді. Жан-жақты, бәрі тығыз. Ізденіске толы уақыт. Ал бұған ақырындап жететініме сенемін. – Алдағы шығармашылық жоспа­рыңызбен бөліссеңіз… – Қазіргі уақытта «Топқа түскен ән мен жыр» атты үнтаспа шығару мақсатында жұмыс істеп жатырмын. Бір жағы дәстүрлі ән, екінші жағы жыр-термелер, үшінші жағы эстрада бағытында. Құдай қаласа, күзге дейін дайын болып қалады. Үшінші бейнебаяным түсіріліп, телеарналарға ұсы­нылған, ол әлі қарастырылып жатыр. Сонымен бірге күз мезгілінде Алматы облы­сының шалғайда орналасқан ауыл-аймақтарын аралап кеш өткізуді де жоспарлап отырмын. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақбота ҚУАТОВА

45917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз