Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Қараша, 2022

Өрт шықса, не істеу керек?

Жақында Астанадағы көп қабатты үйлердің бірінен өрт шықты. Өртке ток ұзартқыш себеп болған дейді... Өрт сөндіруші Асқар лаулаған оттың ортасынан үш адамды аман алып шығады. Өзінің тыныс алу аппаратын беріп, қауіпсіз жерге шығарады. Өз өмірін қатерге тігіп, он жастағы баланы құтқарып қалады... Көп ұзамай өзі ауруханада жан тапсырады... Астанада бір көшеге Асқар Забикулин есімі беріліп, бюсті орнатылмақ... Әріптестері марқұмның мықты спортшы, батыр әрі мейірімді әке болғанын айтады. Талай рет қызыл жалыннан адамдарды аман алып қалыпты. Өрт сөндіру кезінде балалар қатты қорқады екен. Өрт шыққан бөлмеден он жастағы жеткіншек тез шыққанда бәрі жақсы болар ма еді?! Отты бірінші көрген бойжеткен әкесіне емес, 102-ге қоңырау соққанда...

ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТТІ ШАҚЫР!

Апат айтып келмейді. Сол үшін сақ жүрген жөн. Кенет үйден өрт шықса, не істеу керек? Егер үйде немесе көршінің үйінде өрт шықса, өртке қарсы қызметті шақыр. Диспетчерге мына ақпаратты дұрыс айт: 

  • Нақты мекенжайы (көше атауы, үй нөмірі, кіреберіс, қабат).
  • Өрт ошағының орны (пәтер, дәліз, жертөле, шатыр).
  • Егер уақыт болса, аты-жөніңді, телефон нөміріңді атап, диспетчердің сұрақтарына жауап бер.
  • Егер жарақат алғандар болса, олардың саны мен қандай жағдайда екенін айт.
  • Газды жауып, бөлмедегі токты ажырат.
  • Түтін бөлмеден адамдарды көшеге шығар. 
  • Егер от енді жанса, өз күшіңмен сөндіруге тырыс. Ол үшін өрт сөндіру құралын, құбырдан алынған су мен мақта көрпені пайдалан.

Егер өртті өшіру қолыңнан келмесе, жылдам бөлмеден шық. Барлық терезе мен кіре-беріс есікті жап. Бұл оттегі ағынын баяулатып, өрттің тез таралуына жол бермейді. Астанадағы өрт шыққан пәтердің сыртқы есігі жалыннан ашылмапты. Үйдегі адамдар балконға шығып, халықтан көмек сұрап, дұрыс жасаған.

ӨРТКЕ АДАМДАР СЕБЕП БОЛАДЫ

Елнар Ержанұлы, өрт сөндіруші:

Тілсіз жаудың тұтануына адамдар себеп болады. Отты дұрыс қолданбау, электр сымдарының ақауы, үйде өртке қауіпті заттарды сақтау. Найзағай түсу сияқты табиғи себептер де болуы мүмкін. Десе де, қауіпсіздік ережесін үлкен-кіші түгел сақтауы керек. Өрттің алғашқы белгілерін байқаған жөн.

  • Күйіп жатқан резеңке немесе басқа заттардың иісі шығады. 
  • Түтіннің күлімсі исі білінбей шығады. Кейін қою түтінге айналады. 
  • Электр қуатының үзілуі, шамдардың күңгірттеніп, жыпылықтауы.
  • Электр сымдары жанып жатқанда еріген иіс шығады.
  • Бөлменің қабырғасы мен есіктері ыстық болады.
  • Жалын тұтанып, заттарға шағылысады.

Бұл белгілердің барлығы әртүрлі жағдайларда әртүрлі түрде сезілуі мүмкін. Үйде немесе пәтердің ішінде, көлікте енді тұтанған түтінді тез байқайсың. Ал ашық жерде өртті тану әлдеқайда қиын. Өйткені, түтін желмен тез таралып, жалын бірден пайда болмайды. Біз жалғыз белгі арқылы біле аламыз. Ол жанған ағаш пен шөптің айқын иісі. Өрт жайылып кетсе, қатты ысқырған, сықырлаған және ысқырған дыбыстар шығады.

Өртті байқаған кезде дереу өрт сөндіру бөліміне хабарла. Жалын тез таралып жатса, өртті өзің сөндіруге тырыспа. Өзіңе қамқор боп, үрейленбе. Қорқыныш дұрыс әрекет етуге кедергі келтіреді. Тез іске көш. Бірақ ақылмен шешім қабылды. Құнды заттар мен құжаттарды сақтауға тырыспа. Ең алдымен өз өміріңді, сені құтқаруға келген өрт сөндірушіні ойла. 

– Өртеніп жатқан ғимарат-та адамдар бар. Біз не істей аламыз?

– Оларды өзің шығарып алсаң болады. Түтін шыққан бөлмеге кірмей тұрып, басыңды дымқыл шүберекпен ора. Бөлмелерге кірген кезде есіктерді өте мұқият аш. Оттегінің түсуі отты күшейтеді. Сол үшін күшті жарылыс болуы мүмкін. Ғимараттан баспалдақпен түс. Адамдар от шыққанда абдырап қалады. Таза ауаға шығуға асығады. Сөйтіп, лифтіге жүгіреді. Лифтімен жүруге қатаң тыйым салынады. Өйткені электр қуаты үзіліп, тоқтап қалуы мүмкін. Түтіннің шығуына әсер етеді. 

Егер өрт күшейіп, түтін пайда болса, еденге жата қал. Еденмен жорғалап, есікке жақында. Жалын көтерілгенде жанып жатқан заттың зиянды концентрациясы артады. Киім жанып кетсе, дереу тоқтап, еденге құла. Жерге домалап, от сөнгенше тоқтама. Есіңде болсын, киіміңе от тисе, жүгірме. Өйткені, жүгіру жалынға одан сайын күш береді. Егер киіміне от тиген адамды көрсең, қалың матаны жауып, отты өшіруге асық. Тез тұтанатын сұйықтық немесе химиялық заттар тұтанса, оларды жерге көп төгіп таста немесе өрт сөндіргішті қолдан. Өртенген жерген шықсаң, ол жерді қараусыз тастама, өрт сөндіру қызметінің келуін күт.

– Өрттің алдын алуға бола ма?

– Өрт барлық адамға қауіп төндіреді. Алайда, үлкендер өрт кезінде тыныштық сақтайды. Балалардан айырмашылығы, қажетті әрекеттерді жасайды. Бала бірден үрейленіп, не істеу керегін және қайда жүгіру керегін түсінбейді. Бала деген барлық нәрсеге қызығады. Қолмен ұстап көргісі келеді. Қызығушылықтың соңы ерте ме, кеш пе, отпен ойнауға жетелейді. Сол үшін бала кезінен бастап,  ашық отпен қалай жұмыс істеу керегін түсіндіру керек. Өрттің себептері, оның салдары мен өрт кезінде өзін-өзі қалай ұстайтынын түсіндірген дұрыс.

Балаға телефонды қалай қосатынын көрсетіңіз. Қажет болса, өрт сөндіру бөлімінің нөмірін жатқа білсін. Көп қабатты үйде түтін датчиктерін орнатуға болады. Бірақ батареясын жиі ауыстыру керек. Түтін датчиктері көп жағдайда өрттің алдын алады екен. Балаларға сіріңке, отшашу мен жанатын заттармен ойнауға болмайтынын түсіндіріңіз. Мұндай заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз.

Ойыншық ретінде оттық алмаңыз. Балалар арасында өртке себеп болады. Отқа жақсы жанатын жанармай, спирт сияқты сұйықтық бар екенін айтыңыз. Сондай-ақ өрт сөндіру қызметімен ойнауға болмайтынын ескертіңіз. Егер өзен жағасында батып бара жатқан күннің жарқылын қателесіп жалын деп, өрт сөндірушіні шақырса, жағдай түсінікті. Ал әдейі қоңырау шақыратындар заң алдында жауап береді. Өйткені, арнайы техника жолға шығады. Кірме жолдар жабылып, қалалық көлік рейстері тоқтайды. Сол уақытта Жедел жәрдемге мұқтаж адамдар болуы мүмкін. Жалған қоңырау шалғандарды жазасыз қалдыру мүмкін емес...

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті

868 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз