Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 28 Наурыз, 2023

Ата топырағынан ақ ниетімізді апардық

Түркияның оңтүстік-шығысында, Сирияның солтүстігінде ақпан айының басында болған жер сілкінісі бүкіл әлемді шошытты. Бірнеше қала қирап қалды, миллиондаған адам баспанасыз қалды, жалпы 100 миллионнан астам адам зардап шекті, қазіргі есеп бойынша, 45 мыңнан астам адам қазаға ұшырады. Міне, осы ауыр кезеңде «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі Нұрбек Бекбау қазақ жұртынан қаржы жинап, өзі бас болып, Қаһраманмараш қаласында киіз үйлерді тігіп қайтты. Нұрбектің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан, жасаған репортаждарынан апат салдарын біліп отырсақ та, елге келген соң сұқбатқа шақырдық.

– Киіз үйге қаржы жинау идеясы қайдан келді?

– Түркияда жер сілкінген кезде мен Жамбыл облысында іссапарда жүр едім. Қызыл судан зардап шегіп жатқан ауылдарды түсіріп жүрдік. Төтенше жағдай комитетінің өкілдері ауылдың басына қаптап келген судың арнасын бұрып, сыртқа ағызып жіберді. Сұқбаттар жазып болғанбыз, қолым босай қалған еді. Инстаграмды аша қалғанымда, бір видеоға көзім түсті. Түріктің бір жас келіншегі жылап тұр. «Құшағымдағы бөбекті жер сілкінген кезде аман алып қашып шығып едім, бірақ мына қақаған суықта сақтап қала алмадым» дейді. Төсекте жатқан беті, үстінде қандай киім бар, сонымен жан сауғалап жүгіріп шығып кеткен ғой. Бұл маған қатты әсер етті. Не істей аламын? Шынында да, бастарына бір баспана керек. Видеодан байқағаным, сау қалған үйлер бар, бірақ халық қорқып қалған, кіре алмайды. Оларға «бұл үй құламайды» деген бір таяныш керек екенін сездім. Ондай баспана – не палатка, не қазақтың киіз үйі. Сөйтіп, қазақ жұртына «киіз үй апарайық» деп ұран көтердім. Оған қарсы пікір айтқандар болды. Әскер көрген жігіттер менің сөзімді құптар, палатка деген – уақытша жай. Оның ішінде ауа циркуляциясы болмайды да, екі айға жетпей-ақ күлімсі иіс бекіп қалады. Сыртындағы брезент демалмайды және жылу да сақтамайды. Азынап тұрады, пешке тақалып алмасаң, жылына қоюың да қиын. Оның үстіне палатка ұзын болғандықтан, оның ішіне танитындарды да, танымайтындарды да орналастыра береді. Түркияға барғанда жергілікті жұртпен әңгімелестік қой, сонда палаткада он күн тұрғандар: «Кірген-шыққан сайын біз қиын жағдайда өмір сүріп жатқанымызды, мүсәпір күйімізді есімізге қайта-қайта түсіре бердік», – деді. Киіз үйді таңдаған тағы бір себеп – ата топырағынан, яғни түркінің ата жұртынан үй келгенін сезінсе екен дедім.

– Халықтан қаржы жинаған күннің өзінде, дайын киіз үйлерді Түркияға жеткізу оңай болмайтыны анық еді. Қандай сенім болды, әлде о бастан көмектесуге ықыласты адамдар шықты ма?

– Халық бастамамызды бірден іліп әкетті. Алғашқы миллиондар жинала бастады. Содан дереу киіз үйлерді қарауға кірістік. Бірінші ағаш киіз үйлерді көрдік. Ағаш киіз үй – өнер екен, оны құрастыру қиын, қымбат, сүйектері де өте ауыр. Сөйтіп, темір киіз үйлерді алатын болдық. Ағаш киіз үйлерден он есе арзанға түсті. Әуелі 17 миллион теңгеге 45 киіз үй сатып алдық. Содан кейін тағы түскен және ықыласты жігіттер қосқан ақшаға қосымша 15 үй алдық. Жиыны 60 үй болды. Кейін тағы 24 үй алдық. Сонымен, барлығы 84 үй алынды. Санын 100-ге жеткіздік. Оны әуежайдың қоймасына қоя тұрдық. «Ұшақпен жіберетін шығармыз» деген үміт болды. Елшіліктерге ұсыныс айттық, барлығы «көреміз» дегеннің айналасында жауап берді. Осы кезде Инстаграмдағы парақшама Гүлім Қайырденқызы деген қыз хат жазды. «Эйр Астананың» аға бортсерігімін. Сізге көмектесе алатын шығармын» деді. Гүлім «Эйр Астананың» басшылығымен сөйлесті. Бірақ бұл компанияның үлкен жүк ұшақтары жоқ екен. Өзім Төтенше жағдай министрлігіне хабарластым. Олар бір ұшақтың 18-19 ақпанда Түркияда құтқару шараларына қатысып жатқан қазақстандық құтқарушыларды кері, елге алып қайтуға арнайы баратынын айтты. «Ұшақ бос ұшпас үшін алып кете аламыз, әзірше мүмкін емес» деді. Ондай жағдайда біз ұзақ күтіп қалатын едік. Фурамен, яғни алысқа жүретін жүк көліктерімен жібереміз бе деп басымыз қатып отырғанда Гүлім тағы қоңыраулатты. «Түркия әуе жолының» басшыларымен сөйлестім. Олар қарсы емес, қуанып отыр. «Карго» ұшағын бөледі» деді. Бірақ біз билік өкілі емес, қарапайым азаматтармыз ғой. Сондықтан ауызша ғана келісім болды. Жүгіміздің әкетілуін бәрібір сәл күтіп қалдық. Өйткені «Turkish airlines» ұшақтары әлемнің түкпір-түкпірінен жүк тасып жатты. Сол кезде «жүгіміз қалып қоя ма?» деп алаңдап, түрлі ұйымдарға хабарласа бастадық. Халықаралық этноспорт федерациясының өкілдері арқылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мырзаға мәселемізді жеткіздік. Сөйтіп, Ердоғанның жеке пәрменімен арнайы ұшақ бөлінді. Жүгіміз сейсенбі күні тиеліп, әкетілді. Ол кезде мен Түркияға жетіп алған едім. «Turkish airlines» киіз үйлерімізбен бірге, сол үйлерді құратын 12 қазақ жігітін де Адана қаласына жеткізді, ары қарай апат болған Қаһраманмараш қаласына жеттік. Өзім қызмет істейтін «Қазақстан» ұлттық арнасы бастамамызға түсіністікпен қарады, өзіме іссапар жазып берді. «Бір жағынан, жаңалықтар беріп отырасың» деп корпорация басшысы Ләззат Мұратқызы сенім білдірді. Сондықтан да алғысым шексіз. Киіз үйді жібере салып, «міне, біздің көмек осы, өздеріңіз құрып аларсыздар» деуге болмас еді. Сондықтан 12 жігітке бас-көз болуды да міндетім деп білдім.

– Зілзала болған аймақ қандай әсер қалдырды? Не сезіндің? Жан қопаратын көріністерге қалай шыдадың?

– Адана қаласына табанымыз тиген сәтте жағдай қалыпты болып көрінді. Ығы-жығы адам, келіп қонып жатқан ұшақтар, ұшу жолағын жағалай төгіліп жатқан гуманитарлық жүктер... Халықтың үлгермей жатқаны сезіледі. Жігіттерді автобусқа мінгізіп, Қаһраманмарашқа жол тарттық. Қалаға түнде келіп кірдік. Жанымыз түршігіп кетті. Ғимараттардың 65 пайызы жермен-жексен болған. Еден мен шатыр бір-біріне киіліп қалған. Құлап жатыр, қисайып жатыр, шашылып жатыр... Терезеден қарап отырып, көзімізге жас келді. Әр-әр жерге от жағылыпты, адамдар жылыну үшін соны қаумалап тұр. Расында да, баспана жетпей жатыр. Зілзала жайлы жаңалықты есту бір бөлек, видеосын көру бір бөлек, көзбен көрген мүлде бөлек екен. Киіз үйлерді тігетін саябаққа келіп жеттік. Жарық, жылу жоқ. Бізге дейін Түркия этноспорт федерациясы өкілдері бір-екі киіз үй тіккен екен. Соның біріне қондық, өте суық болды. Пеш жоқ, көрпеге оранып, бірбірімізге тығылып жаттық.

– Жергілікті халық жалпы әлем көмегін, сіздер жеткізген көмекті қалай қабылдады?

– Ертеңіне мен жаңалық тарату үшін қалаға шықтым, жігіттер киіз үйлерді тіге бастады. Күндізгі көргенім түндегіден мың есе сұмдық екен. Көмейіме өксік тығылып, көз жасымды әрең тыйып жүрдім. Іштей еңіреп жүрдім десем де болады. Жүрегің ауырады. Асығып жүріп қолымды кесіп алдым. Ондай жерде тырысқақ ауруы тарауы мүмкін ғой. Жүгіріп барып, жедел жәрдемге жүгіндім. Дәке, дезинфекция жасайтын ерітінді баржоғын сұрап едім, олар қайдан келгенімді сұрады. Біздің келе жатқанымыз түрік медиасында қатты талқыланды. «Киіз үй, атабабамыздың баспанасы келе жатыр екен» деген ақпараттан біраз жұрт хабардар. Қазақстаннан келгенімді айтып, киіз үйлер жеткізгенімізді хабарлағанымда олар қатты қуанды, тіпті бір литрлік ерітіндіні бір-ақ ұстатты. Қолымды таңып жатқанда жұрт көлігімізге печенье, кәмпит, тәтті-дәмдінің бәрін үйіп тастады. Бас тартыпақ бақтым. «Сендер қиын кезде біздің қасымыздан табылып жатырсыңдар, Алла разы болсын!» деп алғысын төкті дерсіз! Түрік халқы жақсылықты ешқашан ұмытпайды, тіпті жанын беруге де даяр. Киіз үй тігіп, кішкентай балаларға аяқ киім, киім таратып жатқанымызды естіп, бір полицей жүгіріп келіпті. «Қарашы, менің ата-бабам да Орта Азиядан шыққан. Көзіміз сықсиып, бір-бірімізге ұқсап тұрмыз» деп қояды. Көзі деген баданадай. Біз апарған көмек қазақ халқының беделі, имиджі іспетті болды.

– Жалпы, осындай ауыр зілзала, табиғи апат адамға қандай ой салады екен? Адам өзінің бәріне қожайын болғысы келетін мінезінен зардап шегіп жатқан жоқ па?

– Жігіттер мынадай бір жайтты айтты. Аман қалған жергілікті бір тұрғынға апат болардан үш күн бұрын пәтердің қожайыны пәтер ақысын үш есе көтеріпті. Сосын бес айға алдын ала төлеуді талап етіпті. Тұрғын төлей алмаған. Содан қожайыны қуып жіберген. Ол далаға түнеген. Апат болғаннан кейін әлгі пәтер қожайыны сол жігітпен бірге даладағы отқа жылынып жан сақтаған... Табиғи апат сенің байлығыңа, кедейлігіңе қарамайды. Бір қабырғасы ағып түскен үйден аса салтанатты бір пәтер көрініп тұр. Жиһазы өте қымбат екені байқалады. Сол жиһаздар үй иесін басып қалған... Біз бір-бірімізді жамандаймыз, жазғырамыз, көре алмаймыз. Бәрі не үшін? Жер бір сәтте жалқы рет жұлқынса, соның ешқайсысы маңызды емес. Бірлік пен сыйластықтан артық ештеңе жоқ. Апатқа тап болған түрік халқы қазір бір-біріне бауырмал. Қандай мәселені де бірігіп шешіп жатыр.

– Осы сапарда не нәрсеге қатты таңғалдың?

– Осы сапарда мен қазаққа қатты таңғалдым. Қараңызшы! Зілзала болған жерге жергілікті болсын, шетелдерден келгендер болсын, сағат күндізгі ондарда келеді. Құралдарын алып келеді. Кәдімгі жұмыс істеп жүрген сияқты. Ал біздің қазақ бауырлар осы апат өз үйінде болғандай қауырт қимылдады. Жанын берердей әрекеттенді. Көзін тырнап аша сала, таң бозынан әлгі 12 жігіт киіз үй тігуге кірісіп кетеді. Оның ішіндегі алпыстағы ағамыз да, бұла жас та бар. Сонда түйгенім – қазақтың түбі көшпенді. Көшпенділік дегеннің өзі – үнемі төтенше жағдайда өмір сүру. Демек, соған аса бейімбіз. Бірден жұмыла кетеміз, бірден шаруаны шешіп тастаймыз. Қазақстаннан барған құтқарушылар да ерекше үлгі көрсетті. Оларға түрік билігі таңдай қақты. Әуелде Еуропаның, Американың, Қытайдың робот сияқты киініп алған құтқарушылары келген кезде, біздің қайла, дәстүрлі техника, технология ұстаған жігіттерімізге сеніңкіремегендей. Газиантептегі алыстау үш учаскені берген. Біздің жігіттер жауапкершілікпен кірісіп, 7 адамды аман алып шықты, 88 денені арулап көмуге мүмкіндік берді. Ал басқа дамыған елдердің өкілдері ауыр техникамен, соңғы технологиямен жұмыс істеді. Радар, зонт жібереді, анықтап алып барып қазады. Адам тірі жатуы мүмкін, бірақ құтқарушылар жай жұмыс істегендіктен, жан тапсыруы ықтимал ғой. Ондай оқиғалар көптеп болып жатты. Ал қазақтар адамның денесін тапса, үстінен үңгіп барады немесе үйінді болып қалған үйдің жанынан қазып, адамның астынан шығып суырып алып жатты. Осындай пидагерлігінің арқасында қазақ жігіттеріне жергілікті билік қатты риза болды, сол учаскелерді басқаруды біздің азаматтарға тапсырды. Қазақ жалқау емес. Төтенше жағдайда қазақ сияқты шешімталдықпен, қауырт жұмыс істейтін адам көргенім жоқ.

Өкінішке қарай, біз сабақ алмай келе жатырмыз. Пандемия кезінде қаншама адам жеке кірісіп, қаншама адамның ғұмырын сақтап қалды! Біз осындай отандастарымыздың әлеуетін пайдалануға тиіспіз. Төтенше жағдайда ес тапқан адам бейбіт өмірде де аса пайдалы. Өз тобымыздағы жігіттердің ерлігін көзіммен көрдім, олар елдің кез келген шаруасын ілгерілетуге қабілетті.

– Әңгімеңе рақмет, Нұрбек!

Сұқбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2023

1064 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз