Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 21 Ақпан, 2024

Ұлттар лигасы: Грекия-Қазақстан матчының билеттері онлайн сатылымға шықты

21 наурызда Афина қаласында футболдан өтетін Грекия мен Қазақстан ұлттық құрама командалары матчының билеттері онлайн сатылымға шықты.

Бұл матч Ұлттар лигасының «Төрттік турнирі» деп аталып кеткен плей-офф кезеңінің аясында болады. Оған Қазақстан, Грекия, Грузия мен Люксембургтің командалары қатысып, Еуропа чемпионатына берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.

21 наурызда Грекия мен Қазақстан жартылай финалда кездеседі. Екінші жартылай финалда Грузия мен Люксембург ойнайды. Осы матчтарда жеңген командалар бір-бірімен финалда кездесіп, жеңген құрама Еуропа чемпионатына жолдама алады. Егер Қазақстан құрамасы Грекия командасын жеңсе, онда өз алаңында Грузия-Люксембург матчында жеңген жасақпен кездеседі. Бұл мүмкіндік еліміздің бас командасына 2022-2023 жылдардағы маусымда Ұлттар лигасындағы С тобында 1-орын алғаны үшін беріліп отыр.

Грекия мен Қазақстан матчына билеттерді ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады. Жанкүйер ойынға билетті онлайн сатып алса, бронь жасап, қағаз түрінде Афинада матч алдында алады.

Сондай-ақ Грекияның заңына сәйкес билетте сатып алушының аты-жөні мен паспорт нөмірі жазылуға тиіс. Барлық ақпарат сатып алушының электронды поштасына жіберіледі.

Грекия мен Қазақстан матчы Афина уақытымен сағат 21:45-те, ал Астана уақытымен 00:45 басталады.

Матч Agia Sophia Stadium стадионында болады.

Қазірге дейін құрлықтық доданың финалдық сатысына Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Англия, Аустрия, Венгрия, Словакия, Албания, Дания, Нидерланд, Швейцария, Румыния, Сербия құрамалары шықты. Ал Германия чемпионатты ұйымдастырушы ел ретінде іріктеусіз қатысады.

Ұлттық құрама Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Дания (3:2) мен Финляндия (1:0) командаларын бір мәрте жеңсе, Cолтүстік Ирландия (1:0, 1:0) мен Сан-Марино (3:0, 3:1) құрамаларынан екі рет басым түсті. Дания (1:3), Словения (1:2, 1:2), Финляндияға (0:1) есе жіберді.

Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама беретін матчтарға дайындықты бастап кеткен.

Құрама команда БАӘ-де 8 наурызда жиналып, 14 наурызда Түрікменстан құрамасына қарсы жолдастық матч өткізеді.

416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз