- Таным
- 13 Қараша, 2023
«Әл-Жәбрдің атасы» – жастардың журналы
Алматыда оқушылар арасында Республикалық Qalan математика олимпиадасының марапаттау салтанаты өтті. Іс-шара аясында жастарды ғылым мен білімге баулитын «Әл-Жәбрдің атасы» атты танымдық журнал таныстырылды.
1960 жылы қаңтар айында атақты «Білім және еңбек» журналының бірінші саны шықты. Қазақ қоғамына жаңаша көзқарас, ғылыми тыныс-тіршілік алып келген, ана тіліміздегі «Білім және еңбек» журналының бастауында мемлекет және қоғам қайраткері Камал Смайылов, кен инженері Шәмшиден Әбдіраманов, физик Айсұлтан Қалығұлов, биолог Жеңіс Әбиев сынды ғалымдар тұр. Редакция жұмысына әйгілі ғалымдар Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жабағы Тәкібаев, Орынбек Жәутіков, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш академик Нәйля Базанова атсалысты. Журнал редакциясын одан кейін де қазақтың танымал тұлғалары басқарды. 1962 жылы тұңғыш рет қазақша жарияланған Әбу Насыр әл-Фараби жайлы мақала арқылы қазақ халқы ұлы ғалыммен қайта қауышты. Журнал аясында жастарды техникаға баулитын «Жас техниктер клубы» ашылды. Осылайша «Білім және еңбек» Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талапты жастардың іргелі ғылымға, техника саласына келуіне түрткі болды. Олардың қатарында қазіргі академик Асқар Жұмаділдаев та бар еді. Асқар Серқұлұлының жаңа ғылыми-танымдық басылымды қайта шығаруы тегін емес.
– Біз бала күнімізде «Балдырған», «Пионер», «Білім және еңбек» журналдарын оқып өстік. Мені ғылымға қызықтырған осы журнал. Өкінішке қарай, қырық жылдай уақыт бұрын бұл басылым жабылып қалды. Қазір Қазақстанда он мыңдай газет-журнал шығады, бірақ оның арасында ғылыми басылым жоқ. Сол себепті «Әл-Жәбрдің атасы» атты журнал шығаруды қолға алдық. Бұлай атауымыздың себебі, алгебраның атасы Мұхаммед әл-Хорезмидің «Әл-Жәбр» деген еңбегі болған. Әл-Хорезми – Арал теңізінің маңайында туған, әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан ойшыл, Иран мен Тұран ғана емес, бүкіл әлемге ортақ тұлға. Журналдың мақсаты – жастарға білімді насихаттау, математикаға қызықтыру. Біз қазақ тілін ғылымға, техникаға бейімдеуіміз керек. Журналда осы жағы да қамтылады, – деді журналдың бас редакторы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Серқұлұлы.
Жаңа журналға ҚР Ұлттық ғылым академиясы қолдау білдіріп, Qalan.kz жобасы қаржыландырып отыр. Алғашқы саны 2 мың данамен жарық көрді. Журнал редакциясына білікті мамандар, ғалымдар мен журналист-редакторлар тартылған.
«Білім және еңбек» журналында «Ғылым көкжиегі», «Дүние жатқан жұмбақ», «Жас ғалым зерттеу жүргізеді», «Оқып туған» секілді айдарлары болса, жаңа басылымның тақырыптары да өте тартымды. Журналдың мән-мазмұнын аша түсетін «Ұлы тұлғалар», «Ғылым қазығы», «Тісбасар», «Маман бол», «Қатені тап» және басқа қызықты айдарлар бар. Журнал қазақ тілінің ғылыми терминологиясына да үлес қоспақ. Асқар Серқұлұлы көнерген сөздерді қайта тірілтудың жолы оларды жаңаша мағынада қолдану деп есептейді. Мәселен, оқушылар олимпиадасын жасына қарай «тайжарыс», «құнанжарыс» деп атауға болады дейді журналдың бас редакторы. Басылымда тек математика ғана емес, тіл мен мәдениетке қатысты материалдар да ұсынылған. Егер журнал көпшіліктің қолдауына ие болса, химия, биология және басқа ғылым салалары бойынша осындай ғылыми-танымдық басылымдар шығарылады.
Жиынның екінші бөлімінде республикалық математика олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды. Олимпиаданы балаларды математика пәніне баулитын Qalan.kz платформасы ұйымдастырды. Алғаш рет өткен білім додасының басты мақсаты – орта білім беретін мектеп оқушыларын ынталандыру, математика пәнін жетілдіре үйрету.
«Елімізде математика секілді іргелі білім бастамаларын қаржыландыру жағы ақсап тұр. Сондықтан біз жеке бастама ретінде математика олимпиадасын өткізуді қолға алып, сыйлық қорына қаржы бөліп отырмыз. Жарыстың мақсаты – жас таланттарға өз білімін көрсетуге мүмкіндік беру, математикаға қызықтыру, шығармашылық, сыни ойлау және тез ойлану дағдыларын дамыту және әлемдік додаларға шығуға дайындалатын алаң құру. Болашақта халықаралық олимпиадаға айналдыруды жоспарлап отырмыз», – деді Qalan.kz жобасының негізін қалаушы Асқар Болат.
Зияткерлік жарысқа республиканың түкпір-түкпірінен 30 мыңнан астам оқушы қатысып, үздіктер іріктелген. Төрт кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы үш кезеңі қашықтан өтті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 7,5 миллион теңге болды. Төртінші кезең – марапаттау рәсімінде жүлделерді академик Асқар Жұмаділдаев тапсырды. Олимпиадаға қатысып, топ жарған үздік балалар сыныптары бойынша ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бірінші орын иесі 500 мың теңге алса, екінші орын жеңімпаздарына 200 мың теңге тапсырылды. Үздік нәтиже көрсеткен 100 оқушы QalanSchool онлайн мектебінде тегін оқитын болды. Іс-шараға еліміздің әр облысынан келген оқушылар мен ата-аналар жаңа платформаның артықшылығын айтып, балаларының математикаға ғана емес, басқа пәндерге ынтасы артқанын ризашылықпен атап өтті.
Іс-шараға келген бүкіл бала «Әл-Жәбрдің атасы» журналының бірінші санын алып қайтты. ХХІ ғасырдың ғылымға құштар жастары – жаңа журнал оқырмандары. «Әл-Жәбрдің атасы» қазақ жастарын ғылымға шақырған тарихи басылым – «Білім және еңбек» журналының орнын толтырмақ.
Дина Имамбай
811 рет
көрсетілді0
пікір